МӘМС төлемей қалай тегін тексерілуге болады

10.10.2026 10:56

Қазақстанда  МӘМС төлемей тегін тексерілуге болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келесі жылдан бастап азаматтарға бірқатар базалық медициналық қызметтер қолжетімді болады. Ол қандай қызметтер? Бұл жөнінде студия қонағы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Әсел Қыдырәлиева айтады.

– Әсел Қазбекқызы, келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға қандай қызмет тегін көрсетіледі?

«Мемлекет басшысының қол қойған заңына сәйкес, 2027 жылдан бастап барлық тұрғындарға МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық пакет ұсынылатын болады. Бұл аталған базалық медициналық пакетке не кіреді? Біріншіден, дәрігер, фельдшер болмаса орта буын медициналық қызметкерінің қабылдауы, артериялық қан қысымын өлшеуі, антропометриялық өлшемдер, дене массасының индексін есептеу және де диагностикалық флюорография мен ультрадыбыстық зерттеулер кіреді. Аталған ультрадыбыстық зерттеулер, диагностикалық флюорография оның медициналық көрсеткіштеріне сәйкес, яғни пациентте оған аталған процедураларды жүргізуге көрсеткіш болған жағдайда, толыққанды МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болады».

– Бұл көмекті алу үшін пациенттерге қандай да бір талаптар қойыла ма?

«Пациенттер арасында, халық арасында қандай да бір түсініспеушілік жағдай тудырмас үшін мәселені түсіндіріп өтуді жөн көріп отырмын. Біріншіден, аталған қызметтерге ешқандай талап қойылмайды. Себебі МӘМС жүйесінде олардың сақтандырылу мәртебесі болуы шарт емес, ол – біріншіден. Екіншіден, аталған қызметтердің барлығын  бірден «мен медициналық көмекке жүгінген кезде алуым керек» деген шарт емес. Себебі егер де пациент дені сау, ешқандай да шағым көрсетпеген жағдайда, ол тек қана мүмкін пациенттің шағымдары мен оның көрсеткіштеріне сәйкес тек медициналық дәрігер, медициналық қызметкердің, яғни дәрігер, фельдшер немесе орта буын қызметкерінің қабылдауымен шектелуі мүмкін. Ал егер де пациенттерде қандай да бір шағымы болса, аталған қызметтерді толыққанды алуға құқығы бар».

– МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға базалық медициналық көмек көрсету емханаларға қосымша жүктеме түсірмей ме? Егер емханаларда ультрадыбыстық зерттеуден өтуге және басқа да медициналық тексерулерге кезек көбейсе, оны қалай реттемек?

«Пациент тіркелген медициналық қандай да бір қызметті көрсете алмайтын жағдайда, ол басқа бір медициналық ұйыммен келісімшарт жасауға құқығы бар. Сондықтан да егер де пациент емханаға жүгінген жағдайда қандай да бір кезектілік жоғары болуы, болмаса бір орын жоқ болуы, маманның жаңағы еңбек демалысына, болмаса басқа да жағдайына кетіп қалу жағдайлары болса, басқа медициналық ұйыммен келісімшартқа отыру арқылы пациентті тегін жолдай алады. Өңірлердегі емханалардың толыққанды осы қызметке дайын болуы, оны ұйымдастыра білу – өте маңызды».

Оқи отырыңыз: Шұғыл көмектен оңалтуға дейін: Алматыда инсульт алған науқастарды қалай құтқарады

Толық көрсету