Президент мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру міндетін қойды
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында мал шаруашылығын дамыту, жаңа өндіріс орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және ветеринария саласын жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Президент шаруашылықтарды жем-шөппен, су көздерімен қамтамасыз ету, жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіру және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет мал шаруашылығына нақты қолдау көрсетіп келеді. Кейінгі жылдары осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге несие беру көлемі ұлғайып, асыл тұқымды мал сатып алуға басымдық берілген. Сонымен қатар жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр.
Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 33 бордақылау алаңы салынған. Ендігі міндет – осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау.
– Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ветеринария саласын жаңғыртуға да айрықша мән беру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылған. Бұл отандық ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Президент ауыл шаруашылығына кредит берудің жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырды