Қазақстанда Мемлекеттік туды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді

07.07.2026 13:58

Ту ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы тиіс

Аlmaty.tv

Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және олардың бейнелері, сондай-ақ Мемлекеттік Гимн мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр 2026 жылғы 26 маусымда қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жаңартылған қағидалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібін нақтылап, азаматтар мен ұйымдардың Мемлекеттік Туды қолдану мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Құжатқа сәйкес, енді патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру, сондай-ақ ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес нысандарға, оның ішінде балкондарға (45 градус бұрышпен), сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға іле алады.

Сонымен қатар Мемлекеттік Тудың көлеміне қарамастан, ол ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы тиіс. Ұлттық стандартқа сай келмейтін Туды пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ мемлекеттік рәмізді қорлауға немесе оны қорлау құралы ретінде пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Қаулыда Мемлекеттік Туды пайдалану шарттары да нақтыланған. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы қажет. Мұндай жағдайда түнгі уақытта арнайы жарықтандыруды қамтамасыз ету міндетті емес.

Үкіметтің айтуынша, енгізілген өзгерістер мемлекеттік рәміздерді кеңінен әрі дұрыс пайдалануға жағдай жасап, қоғамдағы патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Үкімет сұйытылған газ өндіру көлемін арттырып, газ бөлудің ашық тетігін қамтамасыз етеді