Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары кеңейіп келеді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Елімізде 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі. Бұл күн әр адамға тең мүмкіндік берудің, қолжетімді орта қалыптастырудың және әркімнің өз қабілетін дамытуына, өз бетінше шешім қабылдауына, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңызын еске салады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда мүгедектігі бар 756 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде 120 мыңы – бала, 636 мыңы – ересек адам. Олардың әрқайсысының өз арманы, таланты, кәсіби мақсаты мен жетістігі бар.

Мүгедектігі бар жандар еліміздің қоғамдық және кәсіби өміріне белсенді араласып жүр. Олар кәсіпкерлікпен айналысады, қоғамдық жұмыстарға қатысады, саясатта, спортта, өнерде және басқа да салаларда жетістікке жетіп келеді.

Осы ретте мүгедектігі бар адамдардың өз өміріне тікелей қатысты шешімдерді талқылап, оларды әзірлеуге қатысуы маңызды. Олардың сараптамалық пікірі азаматтардың шынайы қажеттіліктерін ескеріп, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болады.

Бүгінде мемлекет бұл бағытта әлеуметтік төлемдер тағайындаудан бастап, оңалту қызметтерін ұсынуға, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге дейінгі шараларды жүзеге асырып келеді. Аталған жұмыстың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясатының тұжырымдамасында белгіленген. Тұжырымдама әр адамның тең құқықтарын қамтамасыз етуге, өз бетінше өмір сүруіне және шешім қабылдауға қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ білім алуға, жұмысқа орналасуға, инфрақұрылымға, ақпаратқа және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікке ерекше көңіл бөлінеді.

Азаматтардың өзіне қажетті қызметтерді таңдау мүмкіндігін кеңейтетін құралдардың бірі – Әлеуметтік қызметтер порталы. Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес азаматтар қажетті техникалық оңалту құралдарын, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтерін, сондай-ақ санаторий-курорттық емделу орындарын өздері таңдай алады. Бұл әр адамның жеке қажеттілігін ескеріп, қолдауды нақты бағытта көрсетуге мүмкіндік береді.

"Мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру жұмысы да жалғасып жатыр. Белгіленген жағдайларда азаматқа медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті. Қажетті құжаттар электронды түрде жолданып, мамандар оларды медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне бармай-ақ қарайды. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін қолайлы. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай тәртіппен 83,4 мыңнан астам өтінім қаралды. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін тәуелсіз сарапшылар тізіліміне 79 маман енгізілді", - делінген министрлік хабарламасында.

Оңалту қызметтерінің қолжетімділігі де артып келеді. 2023-2026 жылдары Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау және Астана қалаларында алты жаңа оңалту орталығы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, еліміздің тағы 12 өңірінде ірі оңалту орталықтарын ашу көзделген. Заманауи орталықтар азаматтардың кешенді оңалуына және қоғамға бейімделуіне қосымша жағдай жасайды.

Балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. «Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңі аясында 10 қалада аутизм спектрінің бұзылыстары және басқа да психикалық даму ерекшеліктері бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары жұмыс істейді. Олардың жалпы жобалық қуаты – 1 395 орын. Қазір бұл орталықтар кемінде 1 131 баланы қамтып отыр.

Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жұмысы да жалғасуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 621 ұйым лицензия алды. Оның 455-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 166-сы – үкіметтік емес ұйым. Лицензиялау қызмет көрсету талаптарының сақталуын, ғимараттардың қолжетімділігін және мамандардың біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарына 29,5 мың адам жүгінген. Олардың 17,9 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысты. Нәтижесінде 10,5 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 5 022 адам тұрақты жұмыс тапты. Азаматтарға бос жұмыс орындарын іздеу, кәсіби оқудан өту және субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламаларына қатысу бойынша көмек көрсетіледі.

Жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және кәсіпкерлік қабілетті дамытуға да жағдай жасалып келеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан 243 адам өтті. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 629 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды, оның 2 349-ы сертификат алды. Ал Skills Enbek платформасында онлайн оқудан 2 951 адам өткен болатын.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халыққа көрсетілетін қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру, оларды заманауи талаптарға сай жетілдіру және әр азаматтың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Негізгі мақсат азаматтардың қажетті көмекті алуына, қызметтерді өз бетінше таңдауына, кәсіби қабілетін дамытуына, жұмыс істеуіне, жеке кәсібін ашуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

Мүгедектігі бар адамдар күні – әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударып қана қоймай, еңбегімен, кәсібилігімен, талантымен және белсенді өмірлік ұстанымымен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың жетістіктерін атап өтуге де мүмкіндік беретін күн.

Тең мүмкіндіктер жасау, қолжетімді ортаны дамыту және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып саналады. Басты міндет әр адамның денсаулық жағдайына қарамастан, өз қабілетін іске асыруына, дербес өмір сүруіне және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау.

Оқи отырыңыз: Алаяқтық қарыздың рәсімделуіне қалай жол бермеу керек