Қазақстанда мұздық көлдерінің жарылуын алдын ала анықтайтын ескерту жүйесі іске қосылды

18.08.2026 18:34

Пилоттық учаскелер Талғар және Есік өзендерінің бассейндерінде орналасқан

Almaty.tv

Қазақстанда мұздық көлдерінің жарылуын алдын ала анықтайтын ескерту жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Пилоттық учаскелер Талғар және Есік өзендерінің бассейндерінде орналасқан. Енді қауіпті су айдындарының жағдайы автоматты түрде бақыланып, төтенше жағдай қаупі төнсе, ақпарат жедел түрде мамандарға жіберілмек. Жоба ЮНЕСКО-ның қолдауымен GLOFCA өңірлік бастамасы аясында жүзеге асырылды.

 «Бірлескен күштің арқасында Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызы зор жобаны жүзеге асырдық. Өздеріңіз білетіндей, өңір климаттың өзгеруінен туындаған елеулі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Соның салдарынан мұздықтар бұрын-соңды болмаған қарқынмен еріп жатыр. Бұл қауіпті аймақта тұратын халыққа нақты қауіп төндіруі мүмкін. Ал орнатылған жүйе тұрғындарды алдын ала ескертіп, эвакуацияға көбірек уақыт береді», – деді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич.

Мұздық көлі сырт көзге қауіпсіз көрінгенімен, жағдай бірнеше сағаттың ішінде күрт өзгеруі мүмкін. Қауіпті алдын ала анықтау үшін мамандар заманауи мониторинг стансаларын орнатқан. Олар көлдердің жағдайы туралы деректерді жинап, ақпаратты нақты уақыт режимінде жіберіп отырады. Жүйе сынақтан сәтті өтіп, қажетті жабдықтар мемлекеттік органдарға берілмек.

«Бұл – «Қазселденқорғаудың» цифрландыру бағытындағы тағы бір қадамы. Қазір сел қаупі жоғары кезеңде мореналық көлдердегі ең қауіпті сел қаупі ошақтарын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде мұндай 15 қауіпті нысан бар. Оның алтауы – Алматы қаласында, бесеуі - Алматы облысында, төртеуі - Жетісу облысында орналасқан», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғану» ММ директоры Аслан Сабыржанұлы

Оқи отырыңыз: Байсерке аспаны – 2026: авиациялық шоуға 10 мыңға жуық көрермен жиналды

Толық көрсету