Қазақстанда некеге тұрғандар саны азайып келеді - статистика

15.05.2026 14:21

Кейінгі он жылда көрсеткіш 22 пайызға төмендеген

Depositphotos.com

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай Қазақстандағы соңғы он жылдағы неке статистикасы жарияланды. Мәліметтерге сәйкес, елде шаңырақ көтеретін жұптар саны азайып келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Қазақстанда 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, кейінгі 10 жылда некелер саны шамамен 22 пайызға азайған.

Сонымен қатар некелесу коэффициенті де төмендеп отыр. Егер 2015 жылы әр 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69-ға дейін түскен.

Өңірлер бойынша ең жоғары некелесу коэффициенті Астанада байқалған — 1000 адамға 6,75 неке. Сарапшылар мұны елордадағы жастардың көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті тұрғындардың көп шоғырлануымен байланыстырады.

Ал ең төмен көрсеткіштер мына өңірлерде тіркелді:

  • Қызылорда облысында — 5,06;
  • Батыс Қазақстан облысында — 5,1.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда некелесудің ең жоғары деңгейі 2012–2013 жылдары тіркелген. Ол кезде әр 1000 адамға шаққанда 9,8–9,9 неке рәсімделген.

Сарапшылар неке санының азаюын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі — демографиялық толқын. Яғни, 1990 жылдардың соңында туу көрсеткіші төмен болған кезеңде дүниеге келген ұрпақ бүгінде неке жасына жетіп отыр.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар арасында кеш үйлену үрдісі күшейген. Соңғы он жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы:

  • ерлерде 27,9 жасқа;
  • әйелдерде 25,3 жасқа дейін өскен.

Осылайша, кейінгі жылдары қазақстандықтардың отбасы құруға деген көзқарасы мен өмірлік басымдықтары біртіндеп өзгеріп келе жатқаны байқалады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жауын-шашынды жасанды жолмен шақыратын жоба жақын күндері іске қосылады