Пилоттық жоба «Абай тігін фабрикасы» алаңында жүзеге асырылды
Кеше нетто-тұтынушыларға арналған платформаның – агрегатордың бірегей жобасының іске қосылуы өтті. Іс-шараға ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төраға орынбасары Жалғас Шөгелбаев қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл жоба – жай ғана тәжірибе емес, оны масштабтап, басқа кәсіпорындарға енгізуге болатын түсінікті, жұмыс істейтін модель. Әр қадамын біртіндеп, қиын кедергілерсіз жүзеге асыруға болады», – деді Жалғас Шөгелбаев.
Пилоттық жоба «Абай тігін фабрикасы» алаңында жүзеге асырылды, онда күн электрстанциясы іске қосылды. Тұтынушы тек алаңды ұсынды – қалған барлық тапсырмаларды Green Platform өз мойнына алды.
Нетто-тұтынушылар секторын дамыту – Энергетика министрлігінің басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт энергияны үнемдеуге, тасымалдау кезінде шығындарды азайтуға ғана емес, сонымен қатар ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын күшейтіп, жаңа КЭС және ЖЭС іске қосылғанда балансты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта 2024 жылы бизнес пен азаматтарды шағын масштабтағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) орнатуға ынталандыратын заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Секторды масштабтау үшін инвестицияларды тарту және технологиялық аутсорсингті дамыту маңызды. Green Platform кешенді тәсіл ұсынады: күн панельдерін таңдау мен орнатудан бастап олардың тұрақты қызмет көрсетуіне дейін «бір терезе» принципі бойынша жұмыс істейді.
Жоба Қазақстандағы энергетиканы «жасылдандыру» мүмкіндіктерін кеңейтіп, шағын және орта бизнес қатысуын арттыруға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Биыл су саласы қызметкерлерінің жалақысы артты