Өңірлерге келер болсақ, Жетісу облысында ең жоғарғы жалақы төленеді
Қазақстанда орташа жалақы 429 мың теңгеге жетті. Алайда сарапшылардың санағы Ұлттық статистика бюросының орташа айлыққа қатысты мәліметінен өзгеше, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде орташа жалақының өсетіні бұған дейін де айтылған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың табысы жыл сайн 2-3 пайызға артып отыратынын айтқан. Алайда ең төменгі жалақы тек 2027-2028-де ғана көбейеді. Мұның басты себебі келер жылы басталатын реформаларға байланысты болып отыр.
«Салықты қалай жинаймыз, біріншіден? Екіншіден, сыртқы, ішкі жағдай қалай болады нарықта? Сол себепте бірінші жарты жылдықта жаңа бюджетті бастағанда 2027-2029 жылдарға арналған жұмысты қарастырамыз. Әрине, оны шешуге тырысамыз. Себебі уақыты келді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Десе де, биылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 429 мың 368 теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайыз артық. Ұлттық статистика бюросының ақпарынша, ең жоғары айлық тау-кен өндіру саласының қызметкерлеріне тиесілі, 922 мың теңге. Ал ең төмен айлықты ұстаздар қауымы алады. Олардың орташа табысы 300 мың теңгеге де жетпейді.
Өңірлерге келер болсақ, Жетісу облысы көш басында. Жалақы 18,1 пайызға өскен. Одан кейін 15,9 пайызбен Алматы қаласы тұр. Үздік үштікті Астана түйіндепті. Елордадағы жалақы өсімі 13 процентті көрсеткен. Одан кейінгі орынға Павлодар мен Ақмола облыстары жайғасқан. Алайда кей сараптамалық орталықтардың мамандары көрсетілген ресми мәлімет шындыққа жанаспайтынын айттып отыр.
«Біз орташа айлықты медианалық жалақымен есептейміз. Зертеуіміз бойынша 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық 350 мың теңгеден сәл ғана асады. Тағы да қайталап айтамын, бұл – медианалық айлық. Ең шынайы статистика дер едім. Бұл – көптеген қазақстандықтардың алатын айлығының орташа көрсеткіші», – деді Жұмыс іздеуге арналған платформаның маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы
Қалай дегенмен де, орташа айлықтың өсуі – халықтың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының көрсеткіші. Бұл әрине, барлық саланың дамуына әсерін тигізері анық.
Асыл Махметов, Алмат Ілиясов
Оқи отырыңыз: Алматыда монша және сауна иелерімен профилактикалық жұмыс күшейтілді