Қазақстанда сәулелік терапияның сапасын бақылаудың ұлттық жүйесі құрылады

29.11.2025 16:29

Өңірлерге радиологтарды даярлауға қосымша қаржыландыру қарастыру ұсынылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Ведомствоның алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі әрбір онкология орталығындағы жабдықтарды, олардың пайдаланылуын және кадрлармен қамтылуын бағалау бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Аудит нәтижелерінің негізінде 2026 жылғы 1 наурызға дейін сәулелік терапия сапасын бақылаудың бірыңғай ұлттық жүйесін әзірлеу; радиологиялық қызмет мамандарын даярлаудың мақсатты бағдарламасын дайындау, сондай-ақ кадр тапшылығы ең жоғары өңірлерге онкология резиденттерін жіберу қажет», – деді ведомство басшысы.

Өңірлерге радиологтарды даярлауға қосымша қаржыландыру қарастыру, сондай-ақ ядролық медицина, патоморфология және интервенциялық онкология бағыттары бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыруды жалғастыру ұсынылды. Сонымен қатар паллиативтік көмек орындары желісін кеңейту және бұл қызметтің қажет пациенттер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, елдегі онкоорталықтар сараптамалық эндоскопиялық орталықтарды жабдықтауды аяқтап, аз инвазивті технологияларды қолдануды кеңейтуі тиіс.

Алқа барысында медициналық ақпараттық жүйелерді жаңартылған диспансерлік және стационарлық науқастар регистрлерімен интеграциялауды аяқтау жайлы да тапсырма берілді.

Бұған дейін хабарланғандай, онкологиядағы дәрілік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірқатар ісікке қарсы препараттардың құнын 40%-дан астам төмендетуге мүмкіндік туды.

Оқи отырыңыз: Алдағы бес жылда Қазақстан ауылдарында 79 мың км электр желісі жаңартылады