Қазақстанда шетелдің 33 университетінің филиалдары ашылды - Президент

25.12.2025 16:57

Мемлекет басшысы сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылғанына тоқталды

Аlmaty.tv

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуі барысында елімізде әлеуметтік саланы дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

«Біз өркениетті ел болу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. 2019 жылдан бері 1289 жаңа мектеп салынды. Соның 130-дан астамы осы жылы бой көтерді. Білім беру саласына бөлінетін қаражат үш есе көбейді. Ғылымға салынған инвестиция бес жылда 5 есе өсті. Қазақстанда шетелдің 33 университетінің филиалдары ашылды. Жас ғалымдарға баспана беріліп жатыр», - деп тоқталды Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылғанына тоқталды.

«Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 646 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұған қоса, 32 аудандық аурухана заман талабына сай көпбейінді орталық аурухана ретінде жаңғыртылып жатыр», - деді ол.

Оқи отырыңыз: Өңірлердегі іскерлік ахуалды жақсарту үшін арнайы бағдарлама жүзеге аспақ