Мәжіліс депутаттарының бірқатары мораторийді ұзарту қажет деп санайды
Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін өсіруге қойылған мораторий аяқталды. Бұл шектеу АИ-92 бензині мен дизель отынына қатысты болған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін - жанармай бағасына қатысты мораторийдің аяқталғанына небәрі бірінші күн. Осыған байланысты біз елордадағы бірнеше жанармай бекетін аралап, жағдайды көзбен көріп қайттық. Қазір бензин мен дизель отынының бағасы бұрынғы деңгейде сақталып тұр, әзірге ешқандай өсім байқалмайды. Мәжіліс депутаттары да бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тарифтерді күрт көтеруге экономикалық тұрғыда негіз жоқ екенін атап өтті.
Халық қалаулылары тарифтер көтерілген жағдайда әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтағы азаматтарды қорғау мәселесін күшейту қажеттігін алға тартып отыр. Олар әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастыру қажет дейді.
«Мысалы, басқа елдерде тариф бойынша белгілі бір жеңілдік жасау немесе азық-түлікпен көмектесу сияқты қолдау тетіктері бар. Біз де сондай нақты шарттарды міндетті түрде қарастыруымыз қажет. Бірақ мораторийдің күшін жоюы — дәл бүгін тарифтер міндетті түрде өседі дегенді білдірмейді деп ойлаймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының бірқатары мораторийді ұзарту қажет деп санайды. Олар шешім қабылдарда азаматтардың әл-ауқатын және азық-түлік бағасының қымбаттауын ескеру қажет деп отыр.
«Мысалы, үш бөлмелі пәтердің коммуналдық төлемі, қателеспесем, 30 мың теңгеге жуықтайды. Бұл, әрине, көптеген отбасы үшін үлкен салмақ. Соған байланысты, меніңше, мораторий мерзімін тағы біраз уақытқа, бәлкім, бір жылға соза тұру керек еді. Себебі қазіргі біздің ішкі бағаларымыз мұнай құны сияқты әлемдік нарықтағы факторларға тікелей байланысты», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.
Ал экономистердің айтуынша, мораторий аяқталғаннан кейін коммуналдық тарифтердің құны сөзсіз қымбаттайды. Олардың болжамына сәйкес, өсім шамамен 15–20 пайыз деңгейінде болуы мүмкін және бұл көрсеткіш өңірлердің даму деңгейіне байланысты әртүрлі қалыптасады. Бұған қоса сарапшылар жанар-жағармай бағасы да экономикалық қысым әсерінен бұрынғы бағаны сақтап тұрмайтынын атап өтті. Дегенмен олар бұл өсімдердің бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.
«Коммуналдық шығындар мен жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттап кетпеуінің алдын алуымыз қажет. Бағаның өсуі — объективті процесс, бірақ бұл халықтың қалтасына ауыр тимей, кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Мемлекет бұл процесті инфляция шегінде ғана ұстап тұруы керек. Сонымен қатар, халықтың төлем қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қолға алуымыз қажек», - деді экономист Бауыржан Ысқақ.
Айта кетейік, бұл мораторий 2025 жылдың күзінен қолданылып келген болатын. Енді нарыққа еркіндік беріледі, яғни тарифтер мен жанармай бағасын көтеру жөніндегі шешімді қызмет көрсетуші ұйымдар өздері дербес қабылдай алады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Астанада интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды