Сала өкілдерінің мәліметінше, дәрі-дәрмектің негізсіз таратылуына жол бермеу үшін тиісті бақылау және алдын алу шаралары қолға алынған
Бүгінде Қазақстанның әрбір алтыншы тұрғыны мемлекет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы 7 жылда тегін дәрі-дәрмек алатын адам саны 1,9 миллионнан 3,4 миллион адамға дейін артқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Елімізде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы мәселелер біртіндеп тұрақталып келеді. Соңғы жылдары мемлекет есебінен дәрі алатын азаматтар саны екі есеге жуық өссе, қаржыландыру көлемі де үш есеге артып, биыл бұл көрсеткіш 337,4 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар тегін дәрі берілетін ауру тізімі 48-ден 121 позицияға дейін артыпты. Бұдан бөлек, дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру тәсілі де өзгеріп жатыр. Жауаптылар осы арқылы енді басты назар препараттардың санына емес, олардың дәлелденген тиімділігіне аударылатынын айтады.
«Процедуралардың ашықтығы және негізсіз делдалдық буындарды алып тастау бюджет қаражатын үнемдеуге әкелді. Егер 2023 жылы үнемдеу 21,5 млрд теңгені құраса, 2025 жылы жиынтық үнемдеу 85,5 млрд теңгені құрады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 50 млрд теңге көлемінде үнемдеу қамтамасыз етілді», — деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Сондай-ақ сала өкілдерінің мәліметінше, дәрі-дәрмектің негізсіз таратылуына жол бермеу үшін тиісті бақылау және алдын алу шаралары қолға алынған.
«Әр дәрінің өзінің құны бар. Госпитальдық фармация деген бөлімдер құрылып жатыр. Барлық үлкен стационарлық ауруханаларда бар. Сонда әр пациентке шашпай, мысалға деп айтайық, 10 мл дәріні үнемдеп, екі пациентке салуды қамтамасыз етіліп жатыр», — деді «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Десе де Вице-министр Тимур Мұратов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі ауқымды әрі күрделі екенін айтып, кей жағдайда үзілістер мен кемшіліктер болатынын жасырмады. Оның сөзінше, мұндай мәселелерді азайту үшін цифрлық бақылау және мониторинг жүйелерін дамыту қажет.
«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде кейде үзілістер мен кемшіліктер болатынын мойындауға мәжбүрмін. Мұндай жағдайлар жыл ішінде ара-тұра кездеседі. Дәрімен қамтамасыз ету жүйесі өте үлкен әрі күрделі. Сондықтан оны әлі де жетілдіру қажет. Әсіресе, дәрі-дәрмектің жеткізілуі мен таратылуын толық бақылау үшін цифрлық бақылау және мониторинг жүйелерін енгізу маңызды», — деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Сонымен қатар мемлекет отандық фармацевтиканы қолдауды күшейтті. Қазіргі 31 қазақстандық өндірушімен 83 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі 38 пайыз артқан.
Оқи отырыңыз: Фараби әлемі: Алматыда халықаралық конференция өтті