Қазақстанда теміржол транзитін автоматтандыру жобасы кеңейтілді

19.08.2026 17:12

Оң нәтижелерді ескере отырып, 2026 жылғы 17 тамыздан бастап пилоттық жоба кеңейтілді

Аlmaty.tv

Қазақстанда жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау кезінде транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару бойынша пилоттық жоба кеңейтілді. Бұл мемлекеттік, оның ішінде кедендік бақылаудан өту уақытын қысқартуға және теміржол өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарлағандай, жоба 2024 жылдан бастап контейнерлік пойыз тауарларды түсірмей Қазақстанның аумағы арқылы өтіп, әрі қарай үшінші елдерге бағыт алатын «өтпелі транзитті» дамыту шеңберінде іске асырылуда. Бірінші кезеңде транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару «Алтынкөл – Сарыағаш», «Алтынкөл – Морпорт», «Алтынкөл – Теміржол – Брест-Северный» бағыттарында енгізілді.

Автоматтандырудың нәтижесінде бір контейнерлік пойыздың өткізу пунктінен өту уақыты 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Бұл Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды дамыту және халықаралық теміржол қатынасының көлемін ұлғайту үшін аса маңызды.

Жобаның нәтижелері көрсеткендей, 2025 жылы 137,5 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде Еуропа бағыты бойынша – 4,8 мың, Орталық Азия бағыты бойынша – 105,4 мың, ТКД бағыттары бойынша – 27,2 мың декларация автоматты режимде шығарылды. 2026 жылғы 7 айда 92,1 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде Еуропа бағыты бойынша – 13,2 мың, Орталық Азия бағыты бойынша – 58,3 мың, ТКД бойынша – 20,6 мың декларация автоматты түрде шығарылды.

Оң нәтижелерді ескере отырып, 2026 жылғы 17 тамыздан бастап пилоттық жоба кеңейтілді. Транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару «Алтынкөл – Брест-Восточный – Брест-Центральный теміржол станциялары» және «Теміржол – Брест-Восточный – Брест-Центральный теміржол станциялары» маршруттарында да қолданылады.

Жобаны кеңейту транзиттік тасымалдарды одан әрі жеделдетуге, рәсімдерден өту уақытын қысқартуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматыда әскери қызметшілер 100-ге келген соғыс ардагерін құттықтады

Толық көрсету