Қазақстанда түске дейін 4,6 млн-нан астам азамат дауыс берді

23.08.2026 15:08

Қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары

Қазақстандықтар белсенді дауыс беріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы әр екі сағат сайын ақпарат жариялап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстандықтар бүгін белсенді. Есілдің сол жағалауы да абыр-сабыр. Премьер Олжас Бектеновтен бастап, министрлер кабинеті түгел дерлік таңдауын жасап жатыр.

Одан бөлек, шекара асып, біздегі науқанды бақылауға келген мамандардың алды «дауыс беру процесі халықаралық сайлау талаптарына сай өтіп жатыр» деп баға беріп үлгерген.

Ал елдегі және шетелдегі азаматтардың ақпаратын жинап-теріп жариялап отырған Орталық сайлау комиссиясы бір сағат бұрын тағы брифинг өткізді.

Дауыс беру бойынша көшті Сыр халқы бастап тұр. Қызылорда облысының үлесі – 47,59 пайыз. Одан кейінгі орында 47,29 пайызбен жер жәннаты Жетісу жайғасқан. Үштікті Түркістан облысы түйіндейді – 43,14 пайыз.

«Жалпы еліміз бойынша сағат 12:00-де 4 670 816 сайлаушы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 37,05%-ын құрады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Ішкі істер министрлігі елдегі жағдайдың тұрақты екенін, қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылмағанын, сайлау учаскелері тәулік бойы күзетілетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 10 мыңнан астам жас алғаш рет дауыс береді

Толық көрсету