Өзгерістер барлық абонент үшін бір мезетте енгізілмейді
Келесі жылдан бастап Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері 15 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында байланыс операторларының басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, бағаның көтерілуіне мобильді интернетті тұтыну көлемінің артуы және желілерді кеңейтуге инвестиция салу қажеттігі себеп. Сондай-ақ электр энергиясы мен қажетті жабдықтар құнының қымбаттауы да тарифтерге әсер етіп отыр.
Операторлар бағаның өсуі инфляция деңгейінен аспайтынын айтады. Өзгерістер барлық абонент үшін бір мезетте енгізілмейді. Тарифтік жоспарларға қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Байланыс операторларының бірі Джаббор Каюмов телекоммуникация саласы қомақты инвестицияны қажет ететінін атап өтті.
«Телекоммуникация саласы көп капиталды қажет етеді. Соңғы бірнеше жылда оператордың күрделі инвестицияларының орташа көлемі табысының 20 пайызына жетеді. Қазақстан тұрғындарын сапалы байланыспен және соңғы технологиялармен қамтамасыз ету үшін жабдықтарды әр бес жыл сайын жаңартып отыру керек», – деді байланыс операторының басшысы Джаббор Каюмов.