Қазақстанда жалақы салықтарын есептейтін жаңа сервис іске қосылады
Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептей алатын жаңа сервис іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаржы министрінің міндетін атқарушы жаңа сервисті енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Жоба жұмыс берушілерге төлемдерді есептеу және аудару процесін жеңілдетуге бағытталған.
Жаңа сервистің жұмыс тәртібі мынадай:
Жұмыс беруші «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы қызметкердің ЖСН-і мен жалақы мөлшерін енгізеді. Жүйе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтерді автоматты түрде сұратады.
Осы деректер негізінде жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, әлеуметтік салық, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және басқа да төлемдер есептеледі.
Сервис жеке және жиынтық төлем тапсырмаларын қалыптастырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы екінші деңгейлі банктерге жібереді. Жұмыс беруші төлемдердің орындалу барысын да бақылай алады.
Жоба 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған міндеттемелерді қамтиды. Оның қолданылу мерзімі 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Бұйрық 17 қарашада күшіне енеді. Пилоттық жоба Қазақстанның барлық аумағында жүзеге асырылады. Оған салық агенттерінің қатысуы ерікті. Жұмыс беруші сервисті пайдалануды кез келген уақытта тоқтата алады.
Сонымен қатар ережелерде жалақы мөлшерін қате енгізу, қосымша төлемдер есептеу немесе банктің төлемді қайтаруы жағдайында қайта есептеу мүмкіндігі қарастырылған. Жүйеде техникалық ақаулар туындаған кезде де арнайы тәртіп қолданылады.
Оқи отырыңыз: Алматы Қытайдың іскерлік туризм нарығындағы орнын нығайтып келеді