Қазақстанда жаңа жылда қандай өзгерістер енгізіледі

01.01.2026 10:53

Жаңа жылдан бастап елде жаңартылған салық жүйесі күшіне еніп, жәрдемақылар мен зейнетақылардың мөлшері ұлғаяды

2026 жылы Қазақстан ауқымды өзгерістермен қарсы алмақ. Жаңа жылдан бастап елде жаңартылған салық жүйесі күшіне еніп, жәрдемақылар мен зейнетақылардың мөлшері ұлғаяды. Сонымен қатар, мобильді аударымдарға бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2025 жыл да аяқталуға жақын. Бұл жыл еліміз үшін маңызды экономикалық шешімдермен есте қалды. Мемлекет халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, бюджетті нығайту бағытында бірқатар қадамдарға барды. Соның бірі -  келер жылдан бастап енгізілетін қосымша құн салығына қатысты өзгерістер. Яғни, қосымша құн салығының мөлшері 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі.

Экономистер өз кезегінде бұл жаңа салық саясаты кәсіпкерлерге де, қарапайым халыққа да түсінікті болып, кезең-кезеңімен енгізілуі қажет екенін айтты.

«Оны дүкендер делдалдар төлемейді, оны тұтынушы төлейді. Тұтынушыдан алып тек бюджетке өткізу керек», – деді экономист Сапарбай Жобаев.

1 қаңтардан бастап күшіне енетін тағы бір маңызды өзгеріс мобильді аударымдарға қатысты болмақ. Егер бір шотқа үш ай қатарынан 100-ден астам адамнан ақша түсіп, жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда салық органдары бақылау жүргізеді.

«Егер азамат заңды түрде тіркелген болса, ешқандай мәселе туындамайды. Бұл – деректерді салыстырудың қалыпты тәжірибесі. Көпшілік «тексеріс болады, қысым көрсетіледі» деп алаңдайды. Біздің жұмысымыз жазалау емес, алдын алу шараларына негізделген. Біз бизнеспен сервистік сүйемелдеу форматында жұмыс істейміз, сондай-ақ толық кеңес беріледі», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Мамандардың айтуынша, бұл шара жеке азаматтарға емес, тұрақты табысын тіркемей отырған кәсіпкерлік қызметті анықтауға бағытталған. Яғни, қарапайым халықтың күнделікті аударымдарына шектеу қойылмайды.

«Көп жағдайда бизнес өкілдері төлемді жеке шоттарына қабылдайды. Алайда, кәсіпкерлік қызмет заң аясында есеп беріп, салық төлеуі тиіс. Басты талап – осы. Мұнда тек экономикалық емес, мемлекеттік мүдде де бар. Өйткені, бизнес көлеңкеге кеткен жағдайда, ондағы қаражаттың қайда бағытталатыны белгісіз. Сонымен қатар кейбір жеке аударымдар арқылы заңсыз жолмен ақша айналымы да жасалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге ерекше мән береді», – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Жаңа жылдан бастап сондай-ақ барлық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 10 пайызға өседі, ал ең төменгі зейнетақы 69 мың теңгеден асады. Дегенмен, зейнетақы жинағын «жеткіліктілік шегі» арқылы мерзімінен бұрын пайдалану талаптары қатаңдайды. Енді 30 жастағы азаматқа кемінде 5 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Сонымен қатар куәлікті алғаш рет алу немесе мерзімі өткен құжатты жаңарту тегін болады. Ал құжатты бір жылда үшінші рет жоғалтқан жағдайда айыппұл салынады. Жалпы бұл жаңашылдықтар заңдағы өзгеріс қана емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты реформалар болмақ.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтген, Астана

Оқи отырыңыз: Жылқы жылы қазақ тарихында нендей оқиғалармен есте қалған