Заңсыз сауда: Қазақстанда 500 мыңнан астам дәрі тәркіленді

07.04.2026 16:14

Қазақстанда заңсыз айналымда болған 500 мыңнан астам дәрі тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсері күшті препараттарды сатуға байланысты 16 қылмыстық іс қозғалса, дәріхана қызметкерлеріне қатысты тағы 13 іс тіркеліпті. Бұл бағытта елдегі мыңнан астам медициналық мекеме мен 300-ге жуық кәсіпорын арнайы тексеруден өтті. Нәтижесінде 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Сонымен қатар шамамен 1 жарым мың тонна прекурсордың күмәнді айналымына тосқауыл қойылды. Заң талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен тыс қалмаған. 73 кәсіпорын жауапқа тартылып, 136 медицина қызметкеріне қатысты тиісті материалдар жиналған.

«Алматыда рецептісіз дәрі сатқан төрт дәріхананың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ақтөбеде ірі фармацевтикалық мекемеге қатысты іс қозғалып, 400 мың дәрі тәркіленді. Түркістан облысында 100 тонна күкірт қышқылы арнайы күзетсіз тасымалданған. Абай облысында 680 тонна прекурсорды тасымалдау ережесі бұзылған», деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан.

Оқи отырыңыз: Жағымсыз иіс: Атыраудағы қоқыс полигонынан өрт шықты