Қазақстанда жердің тозуын болдырмау үшін қорғаныш орман белдеулері жүйесі құрылады

18.03.2026 15:47

Министрлік 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасын қабылдады

t.me/KZgovernment

Конституциялық нормалар табиғи ресурстарды – ұлттық қазына ретінде айқындайды, оларды пайдалану қоғамның ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол осыған байланысты министрлік 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасын қабылдағанын хабарлады.

«2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырманы орындау бұл санмен шектеліп қалмайтынын, аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру шеңберінде де жалғаса беретінін атап өткім келеді. Сонымен қатар жердің тозуын болдырмау және шөлейттенуге қарсы күрес мақсатында - қорғаныш орман белдеулері мен тосқауыл егістік жүйесін құру жұмыстары басталады», — деді Ерлан Нысанбаев.

Спикер айтылған міндеттер климаттың өзгеруі және табиғи экожүйелерге антропогендік жүктеменің өсуі жағдайында ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

Министрлік сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысты да жалғастырады, оның шеңберінде аумақтарды жинаудан бастап экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ауқымды ағартушылық жобаларға дейінгі экологиялық іс-шаралардың кең ауқымы жүргізіледі.

Экология салаларын цифрлық трансформациялау бөлігінде «Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» көпфункционалды экологиялық мониторинг платформасы және «Табиғат» табиғи ресурстардың интерактивті картасы енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс ең үздік цифрлық шешімдерді пайдалану және жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы жалғасатын болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ЖОО қаржыландырудың жаңа үлгісі мен эндаумент-қорлар жүйесі енгізіліп жатыр