Пойыздарда 4 мыңнан астам бейнекамера орнатылған
Еліміздегі жолаушылар пойыздарында 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті бақылауға және пойыз ішінде болған оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, бейнекамералар жолаушылар қауіпсіздігін бақылауға көмектеседі
"Бейнебақылау жүйесі жолаушылар вагондарын қамтиды. Камералар құқықбұзушылықтың алдын алуға, жанжалдарды анықтауға және жолаушылардың жеке заттарының сақталуын бақылауға көмектеседі.
Сонымен қатар бейнежазбалар пойыз ішінде болған оқиғаларды тіркеуге, анықталған заңбұзушылықтарды дер кезінде қарауға және жолаушылардың өтініштерін объективті бағалауға мүмкіндік береді", - делінегн ҚТЖ хабарламасында.
Бақылау жүйесі қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған
Бейнебақылауды қолдану пойыз бригадалары жұмысының тәртібін күшейтіп, қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын арттыруға да ықпал етеді.
Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және теміржол көлігіне деген сенімді арттыру жұмыстары «Қауіпсіз темір жол» республикалық акциясы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда 1,2 тоннаға жуық мерзімі өткен дәрі-дәрмек жиналып, қауіпсіз жолмен жойылды