Қазақстанда жүрекке кеуде қуысын ашпай ота жасау әдісі енгізілді

Бірегей емдеу үдерісі институттың білікті дәрігерлерінен құралған арнайы топтың қатысуымен өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық дәрігерлер жүрек бұлшықетін тоқтатпай, кеуде қуысын үлкен тілікпен ашпай ота жасаудың жаңа әдісін меңгерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында халықаралық сарапшылардың қатысуымен шеберлік сағаты өтті. Мамандар жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан және ашық хирургиялық отаны көтере алмайтын науқастардың жүрек қақпақшасын қан тамыры арқылы енгізілетін арнайы түтікше арқылы қалпына келтірді. Бұл еліміздегі дәстүрлі кардиохирургияны жаңа деңгейге көтерген медициналық серпіліс болды.

«Бұл – аз инвазиялық тәсілмен жасалатын жаңа, заманауи әрі жоғары технологиялық операция. Яғни, кеуде қуысын ашпай-ақ, қан тамыры арқылы арнайы түтікше енгізіледі. Ол ультрадыбыстық навигацияның көмегімен жүректің қажетті қақпақшасына – митралды немесе үшжармалы қақпақшаға дәл жеткізіледі. Осы әдіс арқылы митралды қақпақша жеткіліксіздігін аз инвазиялық жолмен емдеп, жүрек қақпақшасының ақауын түзетуге мүмкіндік бар», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімшесінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекова.

Бұл бірегей емдеу үдерісі институттың білікті дәрігерлерінен құралған арнайы топтың қатысуымен өтті. Ота кезінде мамандар жүрек қақпақшасының жармаларын бір-біріне бекітіп, қан айналымын реттейтін ең соңғы үлгідегі заманауи құрылғыны қолданды. Бұл жабдық митралды қақпақшаның жармаларын бір-біріне қысып, қанның кері ағуын тоқтатады.

Ең бастысы, мұндай операциядан кейін науқастар наркоздан жылдам оянып, санаулы күннің ішінде қалыпты өмірге орала алады. Шетелдік профессорлармен тәжірибе алмасқан отандық мамандар бұл бірегей технологияны енді елімізде тұрақты түрде енгізуді жоспарлап отыр.

«Қазір Қытайда жыл сайын осындай екі мыңға жуық жоғары технологиялық ота жасалады. Өз тәжірибемде жылына жүзден астам операция орындаймын. Бұл әдістің басты артықшылығы – сан артериясына небәрі бір ғана кішкентай тесік жасалады. Соның нәтижесінде науқастың ағзасына түсетін жүктеме азайып, оңалу кезеңі айтарлықтай қысқарады. Көп жағдайда пациент 1–2 күннің ішінде қалыпты өмірге қайта орала алады», – деді Шаньдун университеті Цилу ауруханасы Эхокардиография департаментінің директоры Лю Янь.

Оқи отырыңыз: Орталық Азияда алғаш рет: Алматы әуежайында ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу алаңы салынып жатыр