Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында тұрғындарға медициналық көмек көрсетті

26.04.2026 10:48

Аталған акция Қазақстанның бітімгерлік қызметтегі белсенді рөлін айқындап берді

ҚР Қорғаныс министрлігі

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бөлінуді қадағалау күштері» миссиясы құрамында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлік контингент әскери қызметшілері Сирия Араб Қызыл ай ұйымының өкілдерімен бірлесіп гуманитарлық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Сирияның оңтүстік-батысындағы Кунейтра провинциясындағы Трунжа елдімекенінде олар бейбіт тұрғындарға білікті медициналық көмек көрсету үшін далалық лагерь құрды. Әсіресе балаларға, қарттарға және әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылды.

"Әскери дәрігерлер медициналық тексерулер жүргізіп, кеңес беріп, мұқтаж тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмектерді таратты. Көмекке жүгінген науқастар арасында жиі кездесетін диагноздар: жедел респираторлық аурулар, тірек-қимыл жүйесі аурулары, артериялық гипертензия және қант диабеті", - делінген хабарламада.

Аталған акция Қазақстанның бітімгерлік қызметтегі белсенді рөлін айқындап, елдің халықаралық беделін нығайтуға және азаматтық соғыс салдарынан гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған жергілікті тұрғындардың сенімін арттыруға ықпал етті.

Қазақстандық бітімгерлер барлығы 93 науқасқа медициналық тексеру жүргізіп, жоғары дайындық деңгейін, жауапкершілігін және жергілікті халықтың қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге әзірлігін көрсетті.

Оқи отырыңыз: Аида Балаева: Креативті индустриялар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бағытына айналып келеді