Қазақстандық ғалымдар Гарвард кітапханасынан тарихи көне құжаттарды зерттеді

05.11.2026 14:16

Гарвард кітапханасындағы құжаттар Яркенд хандығы мен Шығыс Түркістанның басқару жүйесі туралы мәлімет береді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

АҚШ-тың Гарвард университетіне ғылыми сапармен барған қазақстандық зерттеушілер Хоутон кітапханасындағы 1599–1742 жылдарға тиесілі жеті тарихи құжатты зерттеді. Қолжазбаларда Яркенд хандығы мен Шығыс Түркістанның мемлекеттік басқару жүйесі, жер қатынастары және тархандық пен сойырғал беру дәстүрі туралы мәліметтер бар, деп хабарлайды Almaty.tv Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Ғалымдар зерттеу барысында тарихи құжаттарды жүйелеп, Орталық Азияның мемлекеттік басқару тарихы мен іс жүргізу дәстүріне қатысты деректерді қарастырды. Сондай-ақ Гарвард университеті мен АҚШ Конгресі кітапханасының қорларынан ортағасырлық Орталық Азия тарихына қатысты жазба мұраларды іздестірді.

Сапар аясында қазақстандық мамандар сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, ғылыми каталогтау және цифрландыру тәжірибесімен де танысты.

Бұдан бөлек, Гарвард университетінде өткен ғылыми семинарда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қолжазба мұрасын зерттеу бағдарламасының нәтижелері таныстырылды. 2026 жылғы қазан айының басындағы мәлімет бойынша, бағдарлама аясында 1 510 қолжазба мен сирек кітап цифрландырылып, араб графикасындағы 417 кітап ғылыми өңдеуден өткен.

Ғылыми сапар қорытындысында тараптар қолжазбаларды бірлесіп зерттеу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және академиялық байланысты жалғастыру мәселелерін талқылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда ақылды көлік жүйесі пайда болуы мүмкін

Толық көрсету