Қазақстандықтар үшін интернеттегі сауда қымбаттайды

14.01.2026 21:25

Алматыда 2 мыңға жуық интернет-дүкен жұмыс істейді

Қазақстандағы онлайн сауданың шамамен 90 пайызы Алматыда жасалады. Қалада бүгінде 2 мыңға жуық интернет-дүкен жұмыс істейді. Тұрғындар тек отандық емес, шетелдік маркетплейстерден де белсенді түрде тапсырыс береді. Алайда 1 шілдеден бастап онлайн сауда жасау қымбаттауы мүмкін. Себебі Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен шетелдік маркетплейстерден алынатын тауарларға қатысты жаңа ереже күшіне енді. Бұдан былай, құны 200 еуродан асатын кез келген онлайн сатып алынған өнімге салынатын салық тауардың артық бөлігіне емес, бүкіл сомасына есептеледі. Бұған дейін мұндай тауарлар жеке пайдалануға арналған деп танылып, салықтан босатылып келген. Мамандардың айтуынша, осы жеңілдікті пайдаланып, кейбір азаматтар тауарды көптеп әкеліп, салық төлемей, қайта сатумен айналысқан. Соның салдарынан мемлекет қазынасына түсетін кіріс азайып, отандық кәсіпкерлердің де табысы төмендеген.

Жаңа талаптардың мән-жайын «Алматы» телеарнасының студия қонағы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік Кірістер комитетінің Кедендік әдіснама басқармасының басшысы Болат Ибрагимов түсіндіріп бермек.

– Болат мырза, мұндай өзгерістер енгізуге не себеп?  

«Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында біріңғай кедендік реттеу жүргізіледі. Жаңа кедендік реттеу жеке тұлғалардың интернет алаңдары арқылы алынып жатқан тауарларына кедендік реттеу жүргізу үшін жүргізілген. Біріншіден, ол халқымыздың қауіпсіздігіне байланысты, екіншіден, контрабандалық жолмен алып келініп жатқан тауарларға шектеу қою. Себебі контрабандалық жолмен алып келген тауар халықтың қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Сондықтан осындай тауарларға кедендік реттеу жүргізіліп, кедендік тексеруден кейін ғана қолданысқа беріледі.  Біріншіден, ол тауарлар декларацияланады. Екіншіден, электрондық тауарлардың операторы айқындалады. Шетелден тапсырыс берген тауарларыңызды кедендік рәсім жүргізіп, сіздерге тапсыру жұмысын операторлар жүргізеді. Үшіншіден, 200 еуро шамасындағы тауарлар кедендік бажсыз елімізге алып келінеді және де 200 еуродан асқан тауарларға 5 пайыз кедендік баж қолданылады».

– Қандай тауарлар жеңілдетілген тәртіпке кірмейді?

«Біріншіден, жеке қолданысқа арналмаған тауарлардың тізімі бар. Сол тауарлар  жаңа тәртіпке енбейді. Сонымен қатар әкелінетін қару-жарақ, алкогольді сусындар, темекі өнімдері, психотроптық және есірткілер және де өндіріске арналған құралдар кедендік реттеуге кірмейді. Олар құқық органдарынан рұқсат алғаннан кейін ғана елімізге енгізіледі».

Оқи отырыңыз: Тауар қайда өндірілді: ЕАЭО елдеріне ортақ жаңа талап енгізілмек