Қазақстандықтар үшін МӘМС-тегі мәртебесі туралы ақпарат алу жеңілдейді

10.07.2026 12:57

Қызметті электрондық форматта *eGov.kz* электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады

пресс-служба акима Алматы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуы туралы ақпарат беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер әзірледі. Жоба мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жетілдіруге және сақтандыру мәртебесі мен төленген жарналар мен аударымдар туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР ДСМ-ге сілтеме жасап.

Бұл мемлекеттік қызмет азаматтарға МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесі, сақтандырылған кезеңдері, сондай-ақ олардың пайдасына төленген жарналар мен аударымдар туралы нақты ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Қызметті электрондық форматта *eGov.kz* электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға жеке жүгінбей-ақ, өздеріне ыңғайлы уақытта сақтандыру мәртебесін және төленген жарналар туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік береді.

Бүгінде 17,5 миллион азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады. МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға төленген жарналардың мөлшеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан медициналық көмектің кең көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Оның қатарына профилактикалық тексерулер, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек, жоғары технологиялық медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәрілік қамтамасыз ету кіреді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар өмір сапасын оң бағалайды – сауалнама нәтижелері