Құжатты Сенат депутаттары ратификациялады
Қазақстандықтар үшін Ұлыбританияға виза алу жеңілдеуі мүмкін. Жоғарғы палата екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ тарапы аталған құжат аясында виза мәселесін шешуге үмітті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтің айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін алдымен студенттер, оқытушылар, ресми делегациялар мен бизнес өкілдеріне виза беру талаптары жеңілдетілуі мүмкін. Сөзінше, Ұлыбритания көші-қон саясатын қатаңдатып жатқанымен, Қазақстан бұл мәселені екіжақты келіссөздерде үнемі көтеріп келеді. Сондай-ақ вице-министр Сенат кулуарында Еуропаға виза режимін жеңілдету туралы келіссөздердің екінші кезеңі өткенін мәлімдеді. Ол жақын арада тараптар келісімге толық келіп, құжатқа қол қойылуы ықтимал екенін жеткізді.
«Бұл келіссөздердің екі раунды өтті. Жақсы ілгерілеу бар. Атап айтқанда, көпжақты аспектілер талқыланып жатыр. Сондықтан жақын арада виза режимін жеңілдетуге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Қазақстан жағы бар күш-жігерін салып жатыр. Жалпы, келіссөздер оңтайлы негізде өтіп жатқанын білемін», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді. Сенаторлар екі ел арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты да қарады. Аталған мемлекет еліміздің маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Тараптар арасында мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асады. Қазір қос елдің үкіметтері бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуді қолға алған. Шартта саяси, әскери, ауыл шаруашылығы, көлік-транзиттік сияқты бірқатар салалардағы ынтымақтастықты арттыру жазылған.
«Біз бидайды өңдеу, полипропилен қаптар мен шатыр жабындарын өндіру салаларындағы инвестициялық жобаларға қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарына да көмектесеміз. Бұл салаларда Қазақстанның айтарлықтай тәжірибесі бар. Ал Тәжікстаннан негізінен жеміс-көкөніс өнімдерін импорттаймыз», - деді Арман Исетов
Оқи отырыңыз: Шетелдік студенттерге ҰБТ тапсыру талабы енгізілуі мүмкін