Қазақстандық тұрғын 30 жыл бұрын некеге отырғанын кездейсоқ білген

14.01.2026 12:54

Сот 1991 жылғы некені жарамсыз деп таныды

Аlmaty.tv

Жамбыл облысының тұрғыны 1991 жылғы некесі жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінді. Ол арызында 1991 жылы жауапкермен бірге тұрғанын, бірақ төрт айдан кейін айырылысқанын көрсеткен. Алайда тараптар некені ресми тіркеуге өтпеген, құжаттарға қол қоймаған және неке куәлігін алмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2025 жылы талап қоюшы банк қосымшасы арқылы 1991 жылы өз атына неке тіркелгені туралы ақпаратты білген. Сотқа дейінгі тергеу құжаттарды қолдан жасау белгілері бойынша жүргізілген, бірақ іс 1991 жылға қатысты болғандықтан ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.

"Тергеу барысында азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында неке тіркелгені жазылғанымен, қолтаңбалар тараптарға емес, үшінші тұлғаға тиесілі екені анықталған. Сонымен қатар 1991 жылғы тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған", - делінген облыстық сот хабарламасында.

Сотта талап қоюшының досы некеге қатыспағанын және акт жазбасына қол қоймағанын мәлімдеді. Ал АХАТ өкілі сотқа қатыспаған.

Сот 1991 жылғы неке заң талаптарына сәйкес рәсімделмеген деп шешті, өйткені тараптар некеге қатыспаған. Сонымен қатар кейін жауапкер мен талап қоюшы басқа адамдармен ресми некеге тұрған, балалары бар, ал 1991 жылдан кейін олардың отбасылық қатынасы дәлелденбеген.

Нәтижесінде, сот 1991 жылғы некені жарамсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында аса ірі мөлшерде есірткі сатқан 4 тұрғын ұзақ жылға сотталды