Жеткізудің индикативті баланстарын жыл сайын келісу тетігі сақталады
Құрылтай «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Хаттама бойынша, жеткізудің индикативті баланстарын жыл сайын келісу тетігі, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігі сақталады.
Бажсыз режимді сақтау Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін практикалық маңызға ие. Бұл ретте, 2026 жылы күтілетін үнем шамамен 30 млрд теңгені, соның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд теңге, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд теңге, авиациялық отын бойынша 8,61 млрд теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, келісімнің қолданылуын қайта бастау мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативті балансын қалыптастыру кезінде ынтымақтастық үшін халықаралық-құқықтық негізді қамтамасыз етеді.
Осылайша, Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жалғастыру үшін ғана емес, сонымен қатар мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қолдау үшін де маңызды.
Оқи отырыңыз: Инвестиция, өндіріс, цифрландыру: Қазақстан экономикасы жаңа бағытқа бет алды