Қазақстанның барлық перзентханаларында тексеру басталды

27.07.2026 15:23

Босандыру қызметін көрсететін 69 медициналық ұйымда кешенді бақылау 15 тамызға дейін жүргізіледі

Қазақстанның барлық перзентханаларында ауқымды тексеру басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, босандыру қызметін көрсететін 69 медициналық ұйымда кешенді бақылау 15 тамызға дейін жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомствоның хабарлауынша, тексеру барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалайды. Негізгі назар аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аурухана ішіндегі инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге аударылады.

«Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешім қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Оқи отырыңыз: Биыл еліміздегі электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді