Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 106 жасында дүниеден озды

14.11.2026 15:35

Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген

facebook.com/saule.zhirenshina

Қазақ телевизиясының қалыптасуына үлес қосқан алғашқы дикторлардың бірі Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 106 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қаралы хабарды отандық телевизия маманы Сәуле Жиреншина Facebook парақшасында жеткізді.

Зұлқия Жұматова 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 15 жасында анасынан айырылған Зұлқия Мұқанқызы сегіз баланың үлкені ретінде бауырларына қамқор болған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында зауытта еңбек еткен.

Оның өмір жолындағы маңызды кезең 1958 жылмен тұспа-тұс келді. Алматы телестудиясы ашылар кезде дикторлар байқауына қатысқан Зұлқия Мұқанқызы 750 үміткердің арасынан іріктеліп шықты. Сол жылдың 8 наурызында Нелли Омаровамен бірге қазақ телевизиясының алғашқы эфирін ашқан дикторлардың бірі болды.

Ол 1958-1970 жылдары Қазақ телевизиясында қызмет етіп, ұлттық телеэфирдің қалыптасуына атсалысты. Тікелей эфирде жұмыс істеген алғашқы дикторлардың бірі ретінде кәсіби шеберлігімен танылды.

Зұлқия Мұқанқызы телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен де айналысқан. Балаларға арнап өлеңдер мен ертегілер жазды. Оның «Бөбегім» атты бесік жырына композитор Бақытжан Байқадамов ән шығарған. Бұл туындыны белгілі әнші Жамал Омарова орындаған. Сондай-ақ ол мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған «Мараттың таңдауы» кітабының авторы. Кітап 200 мың данамен жарық көрген.

2026 жылғы маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистика мен телевизия саласына сіңірген еңбегі үшін Зұлқия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттаған.

Сәуле Жиреншинаның хабарлауынша, марқұммен қоштасу рәсімі 15 қараша күні сағат 11:00-де өтеді.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй нарығы: өткен айда сатып алу-сату мәмілелері азайды

Толық көрсету