Қазығұрттағы нөсер: тұрғындарға көмек тек демеушілер есебінен беріледі

05.10.2026 19:11

Қазығұрт ауданындағы нөсер 30-ға жуық үйді зақымдап, төрт баспананың ішін су басып қалған

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы нөсер 30-ға жуық үйді зақымдап, төрт баспананың ішін су басып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мал қоралар да бүлініп, төрт түлік қырылған. Десе де, бұл әлі соңғы есеп емес. Арнайы комиссия ауданды аралап, жаңбырдан келген шығынды анықтап жатыр. Дегенмен баспанасы мен дүние-мүлкі бүлінген отбасыларға мемлекеттен өтемақы төленбейтін болды. Себебі келтірілген шығын белгіленген шекті мөлшерге жетпепті. Енді зардап шеккен тұрғындарға көмек демеушілер есебінен ғана көрсетілмек.

Еске салсақ, Түркістан облысында 1 қазанда шамадан тыс жаңбыр жауып, арты селге ұласқан еді. Салдарынан Қазығұрт ауданындағы бірнеше ауылды су басты. Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен елдімекеннің бірі – Қосағаш ауылы.

«Барлық ауылдық округті бақылауға алғандық. Алдын алу жұмыстары жүргізілген. Қазір әрбір ауыл округтен 200-ге тарта волонтер жұмыс жүргізілуде. Ауласын, үйдің ішіне кірген суды тазалауға жәрдемдесіп жатыр. Қалпына келтіреміз. Алдағы уақытта жұмыстар тоқтамайды», – деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.

Оқи отырыңыз: Балалар алаңынан үлкен қоғамдық кеңістікке дейін: Алматыда Бұрындай көшесіндегі аумақ жаңарды

Толық көрсету