Аймақта алабында 300-ге жуық отбасы тұрады
Ақтөбедегі «Саяжай» тұрғын үй алабының халқы бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Жаңадан салынған мектепке дейін ғана асфальт төселген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көктем мен күзде көше ми батпаққа айналып, тұрғындардың жүріп-тұруы мұңға айналады. Қыста қар тазаланбағандықтан, жаяу жүргіншілер мен көліктер бір ғана тар сүрлеуді пайдалануға мәжбүр.
«Қыста жол мүлде тазаланбайды. Ең бірінші мәселе – осы. Көлік келе жатса, балалар қар басқан жолмен жүруге мәжбүр. Бір-біріне жол беріп қана қатынайды», – деді қала тұрғыны Кұндыз Мусина.
«Су құбырын ауыстырған кезде тұрғындардың атынан ұжымдық хат алып, Бисембин мырзаның қабылдауында болдым. Сол кезде жолға қиыршық тас төсеп береміз деп уәде еткен. Құбырларды ауыстырды, бірақ қазылған жерді қалпына келтірмеді. Бұрын жолымыз тәуір еді. Бәрін қопарып, астаң-кестеңін шығарды», – деді қала тұрғыны Айгүл Саймағамбетова.
Қазір Саяжай тұрғын үй алабында 300-ге жуық отбасы тұрады. Соңғы төрт жыл бойы жергілікті билікке қайта-қайта шағымданған жұрттың мәселесі әлі күнге шешімін таппапты. Амалы таусылған тұрғындар өз қаражатына жолға қиыршық тас төсегенімен, оның да игілігін ұзақ көрмепті. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, аумақ ресми құжатта әлі де бау-бақша серіктестігі ретінде тіркелген.
«Бұл аумаққа ресми мәртебе беріліп, қаланың инфрақұрылымына енгізілгеннен кейін ғана жол салуға бюджеттен қаржы бөлінеді. Әзірге тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін жолды тегістеп, қиыршық тас төсеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Арсен Мырзалин.
Оқи отырыңыз: Алматыда Саин көшесінің бір бөлігі жабылады