«Қажылыққа апарамыз». Осылай деп 37 адамды алдап, 60 миллион теңгені қалтасына басқан 2 алаяқ сотталды. Бас прокуратураның мәліметінше, елорда тұрғындары құйтырқы әрекеттерін әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырған, деп хабарлайды Almaty.tv
Алдымен «Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапар ұйымдастырамыз» деп жарнама жариялаған. Қаскөйлердің уәдесіне иланған жұрт қолында бар ақшасын санап берген. Алайда олар уәдесін орындамай, жәбірленушілердің қаражатын қалауынша жұмсаған. Құзырлы органның тұзағына түскен екеуі бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Сот үкімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура азаматтарды сақ болуға және күмәнді тұлғаларға ақша бермеуге шақырады», – деді Астана қаласы прокурорының көмекшісі Динара Түкеева.
Оқи отырыңыз: Түркістанда алимент дауы: борышкерлердің қарызы 700 миллион теңгеден асады