Қажымұқанның елінде балуандар тас көтеріп, дәстүрді жаңғыртты

20.03.2026 20:51

Түркістанда мыңнан аса адам «Ұлттық спорт күніне» орай бір уақытта асық атып, тарихқа енді

«Асық атудан» Қазақстан рекорды жаңарды. Түркістанда мыңнан аса адам «Ұлттық спорт күніне» орай бір уақытта асық атып, тарихқа енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Рухани шаһардағы «Наурызнаманың» онкүндігі мұнымен шектелмейді. Тұран төрінде садақ атудан Азия чемпионаты, жамбы ату мен көкпардан халықаралық додалар қызып тұр

Достық алаңында ине шаншар жер жоқ. Мұнда бір мезетте мыңнан аса адам асық атып, еліміздің жаңа рекордын орнатты. Солардың бірі – Арыс өңірінің тумасы Нұрислам Төлеутай. Ұлттық ойынның қыр-сырын ағасынан үйренген ол бүгінде нағыз мергенге айналған.

«5 жасымнан бастап асық ойнап үйрендім. 7 жасымнан бастап жарыстарға бара бердік. Ақпанда Түркістанда жарыс өтті. Сол жерде үздік ойыншы атандым», – деді спортшы Нұрислам Төлтай.

Асық атудан бөлек, атшабарда жамбы атудан облыстың ашық кубогы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түпкір-түпкірінен ең үздік сұрмергендер жиналған. Олардың арасында әлем чемпиондары мен халықаралық дәрежедегі шеберлер де бар.

«Түркістан облысының кубогы болғандықтан тек жүлдеге ілініп жүрген, мықты спортшылар келген. Жамбыл облысы, Маңғыстау облысы, түркістандық ағаларым да бар. Бәрі жарыс алаңында қарсылас болып келеді ғой, өте мықты», – деді Жамбы атудан үш дүркін әлем чемпионы Бексауыт Батыр.

 Ал Отырар ауданында ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан «тас көтеру» жарысы жұртты таңғалдырды. Күш атасы Қажымұқанның елінде ақмолалық балуан Арман Сүлеймен жойқын күшін паш етті. Салмағы 150 келіден асатын тасты таусоғардай көтерген балуан көрерменнің ықыласына бөленді.

«Соңғы рет Қажымұқан атамыз тасты көтерудің нүктесін қойған деуге болады. Шәуілдірде 1948 жылдары тас көтерілген», – деді мәдениеттанушы Серік Ерғали

Тұран төсіндегі көкпардан әлем чемпионаты да шешуші кезеңге таяды. Бүгін өткен жартылай финалда Қазақстан құрамасы Ресейді 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ал Ауғанстан мен Өзбекстан арасындағы бәсеке 2:4 есебімен өзбек шабандоздарының пайдасына шешілді. Енді ертең өтетін ақтық мәреде Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бас жүлдені сарапқа салады.

Нұркен Әкімхан

Оқи отырыңыз: Ұлыстың ұлы күні: Алматыда Digital Nauryz фестивалі өтті