Апаттық медицинаға 30 жыл: Алматыда арнайы оқу-жаттығу өтті

27.09.2024 20:48

ТЖД дәрігерлері 60 мыңнан аса адамға медициналық көмек көрсеткен

Биыл апаттық медицина орталығының құрылғанына 30 жыл толды. Төтенше жағдай кезінде құтқарушылардан қалыспай, оқиға орнына лезде жететін дәрігерлер күні бүгінге дейін 60 мыңнан аса адамға медициналық көмек көрсетіпті. Орталықтың филиалдары еліміздің 17 облысында әрі республикалық маңызы бар 3 қалада жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.     

Бүгін Алматыдағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күштік құрылымдармен, тәртіп сақшыларымен және дәрігерлермен бірлесе, 7 балдық жер сілкінісінің салдарымен қалай күресу қажеттігін көрсетті. Ауыр жарақат алғандарға алғашқы көмек қалай берілді. Кейін мынадай тікұшақтармен науқастарды ауруханаларға аттандырып, адам өмірін сақтап қалу үшін қолдан келген іс-әрекеттің барлығы дер кезінде жасау қажеттігін түсіндірді.

Сондай-ақ қатысушыларға көлік апаты кезінде құтқарушылардың қалай әрекет ететіні, госпитальда науқастарға ем-дом шараларының қаншалықты жылдам, сауатты жүргізілетіні көрсетілді. Тіпті апатты жағдайда елге қызмет ететін 20-дан аса техника көпшілік назарына ұсынылып, салаға қызыққан оқушыларға олардың қызметі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

«Апаттық медицина орталығы әр облыста бар. Алматыда негізгі орталық орналасқан. Барлығы 500-ден астам медик, психологтар бар. Енді солардың санын көбейтеміз», - деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Кеген Тұрсынбаев.

Ұйымдастырушылар апаттық медицина орталығының жыл сайын дамып келе жатқанын да сөз етті. Жаңа әрі жеңіл тасымалданатын ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары таныстырылып, төтенше жағдай кезінде қолданылатын кескіш құрал-жабдықтардың түрлері көрсетілді.

«Жамбыл облысындағы болған зілзала кезінде, Қаратау қаласында болған жел салдарынан зардап шеккен жандарға көмек көрсеттік. Негізгі мақсатымыз – төтенше жағдайлар болған кезде шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету болып табылады. Қазіргі таңда апаттық медицина орталығында 2 дала госпиталі бар. Олар Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында орналасқан», - деді ҚР ТЖМ Апаттық медицина орталығының басшысы Сәкен Әріпбаев. 

Әр облыста филиалы бар мекеменің далалық емханасында күніне бірден 50 науқасқа көмек көрсетуге, жалпы саны 200 адамға емдік шара жүргізуге болады. Атап өтерлігі, дәл сол госпиталь 2023 жылы Түркияда болған зілзала салдарымен күрес кезінде қолданылған.

Еске салайық, апаттық медицина орталығы 1994 жылы 27 қыркүйекте құрылыпты. Мекемеге 55 мыңға жуық шақырту түсіп, бүгінге дейін 60 мыңнан аса адамға көмек көрсетіліп үлгеріпті.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген