Кәмелетке толмағандар самокат айдаса, ата-анасына айыппұл салынады

22.05.2026 18:27

Шілдеден бастап қос дөңгелекті көлік құралын жалға алуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді

Енді жалға берілетін электр самокаттарын жүргізуші куәлігінсіз басқара алмайсыз. Шілдеден бастап қос дөңгелекті көлік құралын жалға алуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Заң бойынша самокаттар велосипед жолымен немесе жол жиегімен жүруге міндеттеледі. Сондай-ақ жүргізушілер басына шлем киіп, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Ал 18 жасқа толмаған және жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар жалдамалы самокаттарды басқара алмайды.

Күн жылынса болды, қала көшелерінде желмен жарысқан қос дөңгелекті құрылғыны тізгіндейтіндер көбейеді. Ең қауіптісі жаяу жүргіншілер жолымен қатты жылдамдықта жүйткуі. Бірақ алдағы уақытта олардың саны азаюы ықтимал. Себебі жаңа заң күшіне енсе, жүргізуші куәлігінсіз самокатты да міне алмай қалуыңыз бек мүмкін.

Алматылық Нұраман Жұмақовтың самокат тізгіндеп жүргеніне 1 жылдан асқан. Желмен жарыса жүйіткігенді ұнататын ол көлік құралдарына қатысты жаңа талаптарға қарсы. 21 жастағы тұрғынның айтуынша, самокат – көше кептелісінен құтқаратын құрал.

«Ең үлкен мәселе – Алматыда кептелісі. Мұндайда самокат өте жақсы. Өйткені біз кептелісте тұрмаймыз. Жүргізуші куәлігіне келетін болсақ, жасқа қарамай, әр адамға қолжетімді болу керек деп есептеймін. Себебі жол жүру куәлігін алу әр адамның қолынан келе бермейді. Самокатқа жүргізуші куәлігі керек деп есептемеймін. Себебі самокатты кішкентай бала да айдап біледі», – деді қала тұрғыны Нұраман Жұмақов.

Қала тұрғындары болса, самокаттардың жол ережесіне бағынбайтынын айтады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолында жоғары жылдамдықпен жүретін самокаттар адамдардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Осыған байланысты жаңа заң талаптарын көпшілік қолдап, тәртіпті күшейту қажет екенін алға тартуда.

«Үкіметтің шешімімен толық келісемін. Өйткені өзім де бірнеше самокатпен болған оқиғаны көрдім. Тіпті кішкентай балаларға да айдауға рұқсат қой», – деді қала тұрғыны Диляра Нүсіпқожаева.

«Кедергіге кездесіп көрген жоқпын. Бірақ жол-көлік оқиғаларына септігі тиіп жатыр. Сол себептен заңды қатайтқан балаларымызға да жақсы болар еді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Жанар Инағымбаева.

«Қазір жүрудің өзі қиын ғой,қағып кете жаздайды. Менің ойымша, заңды қолдаған дұрыс. Өйткені барлығы заң жүзінде жүру керек. Бірақ өзім самокат айдамаймын», – деді тұрғын Бекарыс Құрақбай.

Самокат тізгіндегендер арасында кәмелетке толмағандар жиі кездеседі. Салдарынан жол-көлік оқиғасы да көбейген. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, заң күшіне енгеннен кейін 18 жасқа толмағандар самокат тізгіндесе, ата-анасына айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады.

«Биыл 1 шілдеден бастап жол жүру туралы заңға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының профилактика туралы заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни самокаттар толыққанды көлік құралы болып табылады. Оны тізгіндеу үшін азамат міндетті түрде 18 жасқа толуы керек. Одан кейін көшеге шығу үшін міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Жасөспірімдерге, кәмелет жасқа толмағандарға тыйым салынады», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жыл сайын көбейіп келеді. 2025 жылдың өзінде Алматыда 386 заң бұзылған.

«Жылдың басынан бері Алматы қаласында 10 жол-көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ 9 азамат дене жарақатын алды. Былтыр самокаттар мен мопедтердің қатысуымен 1086 жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның 386-сы самокаттардың қатысуымен болған. 408 адам зардап шекті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 Бүгін де мегаполисте самокат күнделікті көлік құралына айналып үлгерді. Дегенмен жолдағы қауіпсіздік басты назарда екенін есте сақтаған жөн. Ал қойылатын жаңа талаптар ең алдымен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Ербол Медетбек, Ханкелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматының орталығындағы заңсыз нысан сот шешімімен сүріліп жатыр