Қоғам мен мемлекет байланысының жаңа сапалы моделі – Әділет министрі Қазақстан Халық Кеңесі туралы заңды таныстырды

15.05.2026 10:56

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, Халық кеңесі ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады

senate.parlam.kz

Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» жаңадан үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарайды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық кеңесі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, Халық кеңесі ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады.

- Заң жобасының негізгі тұжырымдамасы – қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогтың тұрақты тетігін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан Халық Кеңесі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың негізгі құралы ретінде айқындалып отыр. Бұл ретте ұсынылып отырған институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды. Ол – керісінше ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады, - деді Е.Сәрсембаев.

Әділет министрінің айтуынша, Халық кеңесі ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады.

- Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган – Сессия. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар да кіреді. Сессиялар аралығында ағымдағы қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді. Жекелеген нақты бағыттарды пысықтау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделеді. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылатын болады, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Заң жобасында қоғамның негізгі топтары – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің тең дәрежедегі өкілдігі көзделеді.

- Бұл ретте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрам мүшелеріне қойылатын талаптар да белгіленеді. Оның ішінде қоғамдық қызметтегі тәжірибенің болуы, сондай-ақ адалдықты қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шектеулер көзделеді. Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылады. Ал Кеңестің Төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге, Президенттің ұсынысы бойынша және Кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылады. Өз кезегінде, институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бір тұлғаның Кеңестің Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні туралы норма көзделген, - деді министр. 

Сонымен қатар бірінші оқылымда қаралатын Әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Конституциялық заң жобасы Қазақстанның жаңа Конститутциясының 2-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының негізгі ұғымдарын, мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық құрылымдар мәселелерін шешу кезінде мемлекеттік органдардың өкілеттігін ажыратуға бағытталған.

Ал ел астанасының мәртебесі туралы құжат Қазақстанның жаңа Конституциясының 2-бабының 4-тармағын іске асыру үшін әзірленген. Заң жобасында Астанадағы жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік жөніндегі өкілеттіліктері көзделген. Сондай-ақ Астананың аумағы мен қала маңындағы аймағын, бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодын айқындау ұсынылды.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң жобасы да жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Жоба қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекет пен қоғам арасында диалогты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің құқықтық мәртебесі, оның өкілеттіктері, құрамы және жұмыс тәртібі айқындалады.

Оқи отырыңыз: Ана мен бала: Алматыда халықаралық форум өз жұмысын бастады