Қоғамдық көлік жүктемесі азая ма: Алматыда тағы 600 автобус сатып алынады

14.11.2025 18:58

Сондай-ақ қоғамдық көліктердің жүру жиілігі де қадағаланбақ

Көңіл сыйса, бәрі сыяды. Алайда алматылықтар автобустарға сыймай жүр. Таңның атысы, кештің батысы қоғамдық көліктердің лық толы болатынына қала тұрғындарының көңілі толмайды. Сондай-ақ олар автобус жүргізушілері уақыт жиілігін сақтамайды дейді. Соның салдарынан көлік ішінде сығылысып тұруға, кейде келесісін күтуге мәжбүр болады екен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Таң, түс, тіпті, кешкі мезгілде де алматылықтар діттеген жеріне қоғамдық көлікке сығылыса-сыйыса барып жүр. Кей сәтте автобусты сағаттап күтіп қалады. Соның салдарынан кездесуге кешігеді, жоспарын кейінге шегереді.

«Кептеліс уақытында автобус санын көбейтсе жақсы болар еді, себебі автобусқа міну мүмкін емес. Отырғаныма жарты сағаттан асты. Мысалы, №11 автобусты әлі күтіп отырмын. Қажетті жеріме уақытылы жете алмай жүрмін. Адам көп, автобус аз. 15 минут емес, жарты сағатта әрең келеді», – деді қала тұрғыны Жанар Есімбаева.

«Кейбір автобустар жиі жүреді. Ал енді кейбірінің аралығы тым ұзақ. Өзім №18 автобусты күтіп отырмын. Әлі жоқ. Сондықтан, мәселені ұтымды етіп реттеу керек», - деді қала тұрғыны Татьяна Черняева.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселенің жиі қозғалатынын айтады. Және қолайсыздықтың негізгі себебі кептелісте екенін жеткізіп отыр. Автобус пен троллейбустар өз уақытынан кешіккен соң, сәйкесінше, тұрғындар да аялдамаларда ұзақ тұрады дейді.    

«Кептелісті жеңу үшін, кептелісті азайту үшін бірінші кезекте жол қозғалысында осындай қоғамдық көліктер мен жаяу жүргіншілерге басымдық беруіміз керек. Мысалы ЛРТ желісін, БРТ, метро желісін дамытуымыз керек. Сонда ғана кептелістің санын азайтуымызға болады», - дейді қоғамдық кеңес мүшесі Әкежан Кеңесов.

Ал қазір қалада жолаушылар тасымалына жауапты 26 компания бар. Мамандар желіге күнделікті 3 мыңға жуық қоғамдық көліктің шығатынын айтады. Дегенмен олар, тұрғындар көп шоғырланатын орындарды анықтап, сол аймақтарда автобустар санын көбейту үшін нақты көрсеткіш қажет дейді. Алматылықтардың 30 пайызға жуығы «Оңай» картасы арқылы төлем жасамайтындықтан, әзірге сандарды сөйлету мүмкін болмай тұр екен. Десе де, жауаптылар амал жасалып жатыр дейді. 

«Кептеліс уақытында, яғни ең қауырт кезде, автобустар толық құрамда шығады. Алматы қаласында автобус жеткілікті. Өздеріңіз білетіндей, былтыр да, биыл да жаңа автобустар сатып алынды. Сол көліктерді тиімді пайдалану үшін қазір әр маршруттың жүру жиілігін қарап, автопарктермен және көлік холдингі мекемесінің сарапшыларымен бірлесе отырып, автобустар санын арттырып жатырмыз. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғаса береді», – деді Қоғамдық көлікті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Азамат Ешанқұл.

Сондай-ақ сала мамандары қоғамдық көліктің техникалық күйі де күнделікті бақыланатынын жеткізді. Бастысы – алматылықтардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінеді.

«Бізде дизельмен жүретін автобус жоқ. Біз қолданатын автобус, троллейбустар газбен немесе электр қуатымен жүреді. Біздің автобустар экологияға ауыртпалық келтірмейді», - деді Алматыэлектротранс» ЖШС бөлім басшысы Алмас Төлегенов.

Атап өтейік, Алматыда қоғамдық көлікті бір күнде 1,6 миллион адам пайдаланады. Көпшіліктің игілігі үшін биыл тағы газбен жүретін 600 автобус алынады. Және қоғамдық көліктердің жүру жиілігі де қадағаланбақ.   

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бельгиямен маңызды матч: Қазақстан құрамасының ертеңгі кездесуге дайындығы қалай