Қолайсыз ауа райы: жолда қалған азаматтар үшін 1681 жылыту пункті дайын

16.12.2025 12:05

Түннен бері 30-ға жуық республикалық маңызы бар автожолда қозғалыс тоқтатылды

Елде ауа райы күрт бұзылып, халықты әбігерге салып жатыр. Қалың қар мен бұрқасынның салдарынан  сағат 3:00-ден бастап республикалық маңызы бар автожолдардың бірқатарында көлік қозғалысы уақытша тоқтаған. Ал елордада екінші ауысымда оқитын оқушылар онлайн форматқа көшті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде қалың жауған қар жаяу жүргіншілерге де, көлік тізгіндеген азаматтарға да айтарлықтай қиындық туғызды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты кеше түннен бері 30-ға жуық республикалық маңызы бар автожолда қозғалыс тоқтатылды. Соның салдарынан жолға шыққан жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда жолда қалған азаматтар үшін 1681 жылыту пункті дайын. Сонымен қатар 40 трассалық медициналық-құтқару бекеті толықтай сақадай сай тұр. Десе де, құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардың жабылуы жөнінде хабарлама тараса, оны қатаң ескеруге шақырады. Себебі тұрғындардың басым бөлігі ескертулерге мән бермей, кейін жол үстінде қиын жағдайға тап болып жатады.

«Ел тұрғындарына, әсіресе автокөлік жүргізушілеріне ескерту жасағым келеді. Егер ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескертулер жарияланса, сапарға шықпауыңызды сұраймын. Алдын ала ауа райы болжамын қарап алған жөн. Өкінішке қарай, көптеген жүргізушілер бұл хабарламаларды елемейді, соның салдарынан қар құрсауында қалып жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Ескерте кетейін, жолдың жабық екенін біле тұра сапарға шыққан жағдайда 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін», – деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің басқарма бастығы Магомет Ахриев

Астанада кешеден бері 21 мың текше метрге жуық қар қала аумағынан шығарылған. Синоптиктердің болжамынша, қалада мұндай ауа райы әлі сақталады. Ал кей өңірлерде қар аралас жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

«Бүгін Ақмола, СҚО, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстарында өте қатты жел күтіледі. Республикамыздың Оңтүстік және Оңтүстік шығысында жаңбыр, қар аралас жауады, таулы аймақтарда бұрқасын болуы мүмкін», – деді  «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Ардақ Калменова

Айта кетейік, 1 қарашадан бері құтқару бөлімшелері қар құрсауында қалған 1137 адамды, оның ішінде 129 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялапты. Сондай-ақ 199 бірлік техника қардан шығарылған. Қазір төтенше жағдайлар кезінде адамдарға көмек көрсету үшін 44 мыңнан астам құтқарушы мен 14 мыңнан аса арнайы техника дайын тұр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана