Қолқаны қапқан өткір иіc: Талғар ауданының тұрғындары май өндіру зауытының жабылғанын талап етуде

30.01.2026 20:28

Олар соңғы екі жылдан бері далаға шығып, серуендеуден қалған

«Қолқаны қапқан өткір иіс әбден әбігерге салды» Осылай деген Талғар ауданының тұрғындары күні-түні кетпейтін жағымсыз иіске шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төңкеріс ауылының тұрғындары соңғы екі жылдан бері далаға шығып, серуендеуден қалған. Оған себеп – ауылдың дәл ортасындағы май өңдейтін зауыттан шығатын иіс. Көпшіліктің сөзінше, жеке кәсіпкер жұмыс уақытында экологиялық талаптарды сақтамайды. Салдарынан, ауаға өткір иіс таралып, демалу қиындаған.

«Не терезе аша алмай қалдық, жағымсыз сасық иістен тұншығып. Бәрімізде мына астма ауруы пайда болды. Бір ғана Төңкеріс ауылы емес, 4 ауылды құртып жатыр Жердің бәрін ластап тастаған. Ол қалдықты полигонға төгуге рұқсат етілмейді,  Сол үшін сай-сайға төгіп кетеді», деді облыс тұрғыны Әйгерім Нұрданова.

«Кәдімгі күйдірілген мотор майдың иісі. Әсіресе, түнде қатты шығады. Есік-терезе ашуды былай қойғанда, далаға тіпті кір жая алмаймыз. Жаздың күні ыстықта тіпті қиын. Жағымсыз иістен көзден жас шығып, мұрын бітеліп, бас айналады. Кішкентай балаларға тіпті обал. Өте көп ауырады», – деді облыс тұрғыны Альбина Красоткина.

Ал көпшілік шағымданған май өндіру зауытының өкілі мұндай иістің ауаға таралуы қалыпты жағдай екенін айтты. 

«Біз бірнеше сүзгі орнаттық, бірақ олар дұрыс жұмыс істемей қалды. Қазір олардың санын арттырып жатырмыз. Алдағы уақытта жағымсыз иіс шықпайды деп ойлаймын. Зауыт барлық талаптарға сай жұмыс істеуде», – деді май өндіру зауытының өкілі Василий Зен.

Қызығы, 4 бірдей елдімекен тұрғындары екі жылдан бері сасық иіспен демалуға мәжбүрміз десе, жергілікті әкімдік өкілдері «бұл жайлы мүлде естімедік, білмедік» деп отыр. ¤

«Өтініштерді тіркейміз, қабылдап аламыз. Содан кейін комиссия тексеруге шығады.  Бізге 28 қаңтарда өтініш айтылды, сол кезде комиссия тексерді», – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сәуле Мықтыбаева.

Тұрғындар шағымынан кейін зауыт 1 айға жабылды. Әкімдіктегілер жеке кәсіпкердің құрал-жабдықтарының экологиялық талапқа сай не сай еместігін анықтап, шара қолданатынын айтты. Алайда сасық иіске әбден тұншығып, ауру болдық деген жұрт май зауытының түбегейлі жұмысын тоқтатқанын қалайды.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек  

Оқи отырыңыз: Ауыл аманаты: Алматы облысындағы шаруалар үш жылдан бері несиені ала алмай жүр