Қонаевта апатты үйлер сүріліп жатыр

Алматы облысы әкімдігнің баспасөз қызметі
Алматы облысы әкімдігнің баспасөз қызметі

Сүрілген үйлердің жері мемлекет меншігінде болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қонаев қаласында 2025–2029 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, Инвентарная көшесіндегі бірнеше үйді бұзу және тұрғындарын басқа пәтерлерге көшіру жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Былтырдан бері осы көшедегі №1 және №2 үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілді. Екі үйде барлығы 16 пәтер болған. Бұған дейін №2 үй сүрілсе, қазіргі таңда №1 үйді бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Келесі кезеңде Инвентарная көшесіндегі №3, №4, №5 және №6 үйлердің тұрғындарын көшіру көзделген. Төрт үйде жалпы саны 32 пәтер бар. Бүгінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10 пәтер сатып алынды. Тағы 5 пәтерді сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Қалған пәтерлерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері қажетті қосымша қаржы бөлінгеннен кейін жалғасады. 

Сонымен қатар ТҮКШ бөлімі меншік иелеріне хабарлау, ұсынылған пәтерлерді көрсету, жазбаша келісімдерін алу және тиісті құжаттарды түгендеу сияқты рәсімдерді жүргізуде.

«Апатты үйлер барлық тұрғын толық көшіріліп, пәтерлер босатылғаннан кейін ғана сүріледі. Бұл талап олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Өйткені ғимараттың бір бөлігінде адамдар тұрып жатқан кезде оны бұзу немесе жартылай бос қалдыру қауіпті жағдай тудырады», – деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Мадияр Зәкеров.

Сүрілген үйлердің жері мемлекет меншігінде болады. Мұнда тұрғын үй кешені немесе басқа мақсаттағы нысан салынуы мүмкін. 

Оқи отырыңыз: Алматының тау кластері: жастар үшін қандай жаңа жұмыс орындары ашылады