Алматының тау кластері: жастар үшін қандай жаңа жұмыс орындары ашылады
Тау туризмінің дамуы қызмет көрсету саласына да серпін әкеледі
Алматының тау кластерін дамыту туризм саласына тың серпін беріп қана қоймай, жастар үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туризмнің дамуы тек жаңа нысандар мен жолдардың салынуына байланысты емес. Саяхатшылардың көңілінен шығу үшін оларға жылы қабақ танытып, қарсы алып, қажетті ақпаратты түсінікті жеткізіп, сапалы қызмет көрсете білу де маңызды. Әсіресе, шетелдік туристермен жұмыс істейтін мамандардың тіл білуі мен қарым-қатынас жасау қабілеті ерекше рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Алматының тау кластерін дамыту жастардың кәсіби әлеуетін арттырып, сервис саласында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал ете алады.
"Жобаның өңірдегі туризмді дамытуға қосатын үлесі әлі де толық бағаланбаған деп ойлаймын. Өйткені бұл - бүкіл аймақ үшін маңызы зор, үлгі боларлық жоба. Тау-шаңғы курорты туризмді ғана емес, тұтас қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл тек даяшы немесе тасымалдаушы сияқты мамандықтар бойынша жұмыс орындарын ашумен шектелмейді. Жалпы сервистік индустрия дамып, жаңа бағыттар мен кәсіби мүмкіндіктерге жол ашылады", - деді Орталық Азиядағы тұрақты туризмді дамыту қорының басшысы Максим Гандрабура.
Демек, тау туризмінің дамуы қызмет көрсету саласына да серпін әкеледі. Жастар үшін бұл - тіл меңгеру, адамдармен еркін қарым-қатынас орнату және кәсіби қызмет көрсету дағдыларын игеру мүмкіндігі. Сонымен қатар туристерге өз өлкесінің табиғаты мен тарихын таныстыра білу де маңызды. Өйткені туған жерінің құндылықтарын жақсы білетін жас оны өзгелерге де қызықты етіп жеткізе алады. Мұндай танымның негізі мектеп кезінен қаланады.
"Кітаптарда әртүрлі әдеби шығармаларда оқушылар Қазақстанның табиғатын кітаптан оқып жатады. Ал сол жерге оқушы экскурсия барысында барып, көзімен көріп, қолымен ұстаған жағдайда бұл оқушылардың қызығушылығы артып, туған жерге деген сүйіспеншілігі, табиғатты аялау, қоршаған ортаны сияқты құндылықтарды қалыптастырамыз",- деді № 224 мектептің мұғалімі Нұртуған Мәжит.
Алматының әсем табиғаты мен тау бағыттары туристерді тартуға мүмкіндік береді. Алайда бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін инфрақұрылыммен қатар, білікті мамандар да қажет. Қонақжайлылық, тіл білу, сауатты коммуникация және қызмет көрсету мәдениеті - туризм саласындағы табысты жұмыстың маңызды бөлігі.
Сондықтан жастардың бойында осы дағдыларды қалыптастыру мен туған өлкенің табиғи және мәдени мұрасын танытуға баулу - Алматының туристік әлеуетін дамытуға негіз бола алады.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Алматының вайбы күзге арналған: тұрғындар қала туралы не дейді