Қонаевтағы желкенді спорт орталығы әкімдік қарамағына өтті

17.02.2026 21:55

Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан

Фото: Қонаев әкімдігі

Желкенді спорт оқу-жаттығу орталығы Қонаев әкімдігінің коммуналдық меншігіне қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін нысан «Қонаев» ӘКК» АҚ-ның қарамағында болған. Қонаев әкімдігінің қаулысына сәйкес, желкенді спорттың оқу-жаттығу орталығы қаланың коммуналдық меншігіне мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің теңгеріміне өтеусіз қабылдап алынды. Теңгерімдік құны - 31 649000 теңге. Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Аумағы - 2 гектар, нысанның ауданы - 380 шаршы метр.

 

"Бүгінде Қонаевта желкенді қайық спорт түрін дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта екі жол қарастырылады, бірі - бюджет есебінен нысанды жаңғырту болса, екіншісі — инвесторларды тарту арқылы орталықтың жұмысын жандандырып, ғимаратты жаңалау. Қазіргі таңда инвесторлардан бес түрлі жоба түсіп, қарастырылып жатыр", - делінген әкімдіктің таратқан хабарламасында.

Қала басшысы осы түйткілді бақылауға алуды әкім аппаратына тапсырды.