Қоршауды сындырып, бақшаны таптап кетеді: ШҚО-да аюлар ауылдарға жиі келе бастаған

Соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстанда аю саны айтарлықтай көбейген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы уақытта аюлар Шығыс Қазақстан облысындағы елдімекендерге келуді жиілеткен. Маймақаяқтылар, тіпті, Риддер мен Серебрянск қалаларындағы үйлердің қоршауын сындырып, бақшаларды таптаған. Қорыққан жұрт ауладан әрі аса алмай отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Орман және аңшылық жедел әрекет ету жасағына қыркүйек айынан бері 15 қоңырау түскен. Бірі - ауласына жыртқыштың кіргенін айтса, енді бірі үйден шыға алмағанына шағымданған.

«Аюлар көп. Қорыққанымыздан, далаға шығу үшін полиция шақыратын болдық. Көлік дауысынан үркіп, кетіп қалып жатады. Бірақ қақпаларды қиратып, бақшаларды таптап кетеді. Жыртқышты күнде көру үйреншікті жағдайға айналды», - дейді облыс тұрғыны Хавра Шайпова.

Соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстанда аю саны айтарлықтай көбейген. Қазір өңірде 4,5 мыңға жуық аю популяциясы бар екен. Мамандар олардың елдімекендерге жиі келуіне ормандардағы табиғи азық-түліктің жетіспеуі себеп дейді. Биыл жидек аз шыққандықтан жануарлар қала маңында пайда болған қоқыс тастайтын орындарды жағалайтынын айтады.

«Аю көбеюінің тағы бір себебі - олардың табиғи мекенін ауыстыруы. Мәселен, Ресейдегі орман өртінен аңдардың мекені күйіп кеткен. Сол үшін көптеген жануар қауіпсіз жер іздейді. Ал бұл популяцияның күрт артуына тікелей әсер етеді», - деді Табиғи ресурстар басқармасы жедел әрекет ету бөлімі басшысының орынбасары Сергей Карманников.

Өңірде жедел топ рейдтерді әлі де жалғастырып жатыр. Себебі, күннің жылынуына байланысты аюлар әлі ұйқыға кетпеген. Қалада қазір жағдай тыныш. Қоңырау түскен жағдайда, мамандар қатты дыбыс пен жарықты қолдану арқылы аюды үркітіп, ауыл маңынан алшақтатуға тырысады екен.

Диана Тұрлыбек, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз: Жас емес, талпыныс маңызды: Шымкентте 80 жастағы әжей көлік жүргізеді

Новости партнеров