Мамандардың мәліметінше, кене ауырсынуды сездірмейтін арнайы зат бөліп, адам терісіне біліней жабысады
Қостанай облысында кене қаптады. Күн жылынғалы зиянкестерден 69 адам зардап шегіпті. Әсіресе, Қостанай, Рудный қалалары мен Қарабалық ауданында шағу жағдайы жиілеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қостанай облысында күн жылына сала зиянкестердің белсенділігі күшейді. Эпидемиологиялық кезең басталғалы 69 адамды кене шаққан. Медициналық көмекке жүгінгендердің 27-сі – 14 жасқа дейінгі балалар екен. Сол себепті тұрғындар сақтық шараларын күшейтіп, қауіптің алдын алуға ден қойған.
«Сәуір-мамыр айларында орманға бармауға тырысамын, өзгелерге де сақ жүруге кеңес беремін», - деді қала тұрғыны.
«Күн жылынғалы ашық түсті киім киіп, заянкестерден сақтанып жүруге тырысамын»», - деді тұрғын.
Биылғы маусымда сараптама орталығының қызметкерлері зерттеу жүргізу үшін екі мыңға жуық кенені жинауды жоспарлап отыр. Қолға түскен зиянкестер түрлі жұқпалы ауруларға тексеріледі. Мамандардың мәліметінше, соңғы он жыл ішінде өңірде кене энцефалиті мен боррелиоз деректері тіркелмепті.
«2017–2018 жылдары өңірде кене энцефалитінің үш жағдайы тіркелген. Алайда сырқаттанғандардың барлығы көрші Ресей Федерациясында анықталған. Бұл дерттің алдын алу үшін шұғыл түрде иммуноглобулин егу тәсілі қолданылады. Дегенмен, мұндай екпе кене шағу дерегі эндемиялық аймақта тіркелген кезде ғана салынады», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Мамандардың мәліметінше, кене ауырсынуды сездірмейтін арнайы зат бөліп, адам терісіне біліней жабысады. Шақпай тұрып зиянкестердің көлемі де тым ұсақ болады.
«Кенені пинцетпен бас тұсынан қысып, сәл бұрап алу керек. Бұл әдіс жәндіктің тұмсығындағы ілмек тәрізді түктерді ажыратып, зиянкесті оңай шығаруға мүмкіндік береді», - деді тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Андрей Андрющенко.
Мамандар кене шаққан жағдайда уақыт созбай дәрігерге қаралу қажет дейді. Өйткені, бұл жәндіктер энцефалит, боррелиоз секілді қауіпті инфекцияларды таратуы мүмкін, ал кей жағдайда шағуы ауыр аллергиялық реакцияға әкелуі ықтимал.
Мәди Мәлік. Елисея Томашевская, Қостанай
Оқи отырыңыз: Алматыда тозығы жеткен автокөліктерді сатып алу механизмі енгізіледі