Қостанай облысында ҚТЖ мүлкін ұрлаған лауазымды тұлға сотталды

29.01.2026 16:50

Үкім заңды күшіне енді

Аlmaty.tv

Қостанай көлік прокуратурасы сотта «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның сеніп тапсырылған мүлкін Құсмұрын жол дистанциясының лауазымды тұлғасы талан-таражға салғанын дәлелдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство мәліметінше, тергеу материалдарына сәйкес, материалдық жауапты қызметкер қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, жолды жөндеуге арналған және пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін Р-65 маркалы 40 дана теміржол жапсырмасын заңсыз сатып жіберген.

Аталған металл конструкциялары теміржол инфрақұрылымының қауіпсіздігі үшін аса маңызды элементтердің бірі болып саналады.

Прокуратураның бастамасымен сот процесі жол дистанциясы қызметкерлерінің қатысуымен көрсетілімдік форматта өтті. Бұл стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігіне қол сұғушылар үшін жауапкершіліктің бұлжымайтынын айқын көрсететін құқықтық сигнал болды.

Сот үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 2-бөлігі, 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған:

  • 2 жылға бостандығын шектеу,
  • 2 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіру туралы келісім мақұлданды