Сот санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын ескеріп, кәсіпкерді мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырды
Қостанай облысында мектеп асханасын басқарған заңды тұлға «қызметіне адал емес» кәсіпкерлер қатарына енгізілді. Бұған сол жерде туберкулезбен ауыратын қызметкердің жұмыс істегені себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Есте болса, оқиға көктемде Боровское ауылындағы мектептердің бірінде тіркелген. Асхана қызметкерінен диагноз анықталғаннан кейін білім беру мекемесі уақытша жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Тексеру барысында оның ресми түрде жұмысқа қабылданбағаны және қажетті медициналық құжаттарының жоқтығы белгілі болды. Сот санитарлық талаптардың өрескел бұзылғанын ескеріп, кәсіпкерді мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырды.
«Асхана қызметкерінің денсаулық жағдайына қарамастан жұмысқа жіберілуі санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмағанын көрсетті. Сот заңды тұлғаның келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындамағанын анықтап, тапсырыс берушінің талабын қанағаттандырды», – деді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.
Оқи отырыңыз: Мәслихат сессиясы: Алматыда LRT құрылысы, қоқыс тарифі және экология мәселесі талқыланды