Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар еріген қар суын бұру үшін көше жолдарын ашып, бөгеттер тұрғызуда
Қостанай облысының Мичурин елдімекенінде еріген қар суының алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылдануда. Кенеттен келген қарғын су ауыл тұрғындарының тыныштығын бұзып, көшелерге жайылған, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Жергілікті халықтың айтуынша, бұған дейін мұндай жағдай болмаған, ал қазіргі апатқа жаңа шағын ауданның құрылысы мен жер бедерінің өзгеруі себеп болуы мүмкін. Қауіптің бетін қайтару үшін құтқару қызметі мен еріктілер бірлесіп, су сору және арналарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бұрын мұндай жағдай болмаған. Әдетте, табиғи сайлар арқылы ауылдың сыртымен ағып кететін. Құрылыс жұмыстары басталғалы жер бедері өзгеріп, су осы жаққа қарай ағатын болды. Бірақ, құтқарушылар дер кезінде әрекет етті. Көршіміз Александрға ерекше алғыс айтамын, ол өз техникасымен келіп көмектесті», – деді Мичурин ауылының тұрғыны Марат Әйгелов.
Абырой болғанда, су үйлер мен аулаларға кіріп үлгермеген. Қазір мамандар техниканың көмегімен жиналған суды сорып, қаптарға құм толтыру арқылы қорғаныс бөгеттерін дайындап жатыр. Бұл жұмысқа ауыл тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлері де белсене атсалысуда.
«Бізден көмек сұрады, қалай бас тартамыз? Мұндай жағдай бірінші рет емес. Былтыр орман шаруашылығын да су басқанда қаптарға құм салып, тасып көмектескенбіз. Қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жүрміз», – деді аудандық аурухананың ұстасы Сергей Мамашев.
Жергілікті әкімдік өкілдері жағдайдың толық бақылауда екенін және суды қауіпсіз арнаға бұру үшін кейбір көше жолдарын уақытша бұзуға тура келгенін хабарлады.
«Тұрғын үйлер мен халықтың мүлкін қорғау мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Еріген судың кедергісіз өтуі үшін ауыл көшелері ашылып, суды бұру ұйымдастырылды. Нәтижесінде су жаңа арна тауып, облыстық жолдың бойымен ағып жатыр», – деді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары су деңгейінің төмендегенін, бірақ кезекшілік әлі де жалғасатынын айтты.
«Таңертең су деңгейі шамамен 40 сантиметрге төмендеді. Техника жеткілікті. Қазір мотопомпалар тексеріліп жатыр. Қажет болған жағдайда суды сорып шығару жұмыстары жүргізіледі. Бір-екі күн бойы кезекшілік ұйымдастырылады», – деді ТЖД бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төледин.
Сондай-ақ, қарғын судың қаупі облыстың оңтүстігіндегі Арқалық қаласына да төнуі мүмкін. Қазір ол жаққа қосымша 70 құтқарушы жіберіліп, аулаларды тазарту және бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда