Қостанайда 28 мыңнан астам заңсыз вейп жойылды
Тәркіленген вейптерді толық жоюға 11 сағат кеткен
Қостанай облысында құны 300 миллион теңге болатын вейптің көзі жойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заңсыз айналымнан тәркіленген электронды темекінің саны 28 мың 829 дана. Вейптерді жоюдың жұмысы да оңай емес. Алдымен әрқайсысы жеке-жеке шағылып, ішіндегі электронды жүйесі мен қуаттаушы құралы бөлек алынады. Олар қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қалған бөлігін өртейді. Тәркіленген вейптерді толық жоюға 11 сағат кеткен. Барлық жұмыс прокуратураның жетекшілігімен жүргізілген.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде вейптерді сатуға, тасымалдауға тыйым салынған. Құзырлы орган өкілдері заңсыз тауарларды анықтап, тәркілеу бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізуде.
«Вейптерді елімізге заңсыз тасымалдау дерегі бойынша Қостанай облысының Экономикалық тергеу департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бап бойынша күдіктілерге 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу қарастырылған», – деді Экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының басшысы Ораз Қарабалин.
Оқи отырыңыз: Атырауда есірткіге тәуелділер көбейді: білім ордаларында скрининг басталды