Қостанайда үсік жүреді: өңірде жылыту маусымы ерте басталады

25.09.2026 20:11

Әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйектен басталды

Алдағы күндері еліміздің солтүстігінде күн суытып, үсік жүреді. «Қазгидрометтің» болжамынша, Қостанай облысында ауа температурасы минус 1 градусқа дейін төмендейді. Сәйкесінше, өңірде бұл жолы жылыту маусымы да ертерек басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қостанайда бірнеше күннен бері күн райы жылы болып, ауа температурасы 20 градустан асты. Дегенмен синоптиктер мұның ұзаққа созылмайтынын ескертеді. Алдағы күндері өңірде ауа райы күрт өзгеріп, үсік жүреді.

«Жауын-шашын қазан айының екінші және үшінші онкүндігінің ортасында күтіледі. Екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басы мен соңында жаңбыр және қар түріндегі жауын-шашын болуы мүмкін. Тұман мен көктайғақ, ал үшінші онкүндіктің соңында қарлы боран соғуы ықтимал», – дейді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Ауа райының осылайша құбылуына байланысты Қостанайда жылыту маусымын бастау мәселесі күн тәртібіне шықты. Әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйектен басталып кетсе, қаладағы өзге тұтынушылардың үйлеріне жылу 1 қазаннан бастап беріледі.

«Дәстүр бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандарды жылуға қосу 25 қыркүйектен басталды. Ал жалпы тұтынушыларға жылу 1 қазаннан беріле бастайды. Жылыту маусымын бастау туралы шешім, ең алдымен, сыртқы ауа температурасына байланысты қабылданады», – деді Қостанай жылу энергетикалық компаниясының директоры Азамат Аужанов.

«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде жел күшейеді. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға жылы киініп жүруге кеңес береді.

Диана Тұрлыбек, Елисея Томашевская, Қостанай облысы.

Оқи отырыңыз: Алматыда 21-27 қыркүйек аралығында ауа райы қандай болады

Толық көрсету